1514

Басшысымен жанжалдасқан шаруашылық менеджері астық қоймаларын өртеген

СҚО-да астық қоймаларын өртеген шаруашылық менеджері сотталып кетті.

Басшысымен жанжалдасқан шаруашылық менеджері астық қоймаларын өртеген
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығының басқарушысы мен басшысы арасындағы жеке жанжал соңы астық қоймаларының өртенуіне ұласқан. Қасақана ұйымдастырылған өрттен шаруашылыққа 495 млн теңге көлемінде шығын келген.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың мамырында К. есімді шаруа қожалығының басқарушысы басшысымен арадағы жеке жанжалдан кейін тағы бір адаммен бірге астық қоймаларын өртеуді ұйымдастырған. Өрт салдарынан шаруашылыққа аса ірі көлемде материалдық залал келтірілген.

Бірінші сатыдағы сот К.-ны бөтеннің мүлкін қасақана жойып, өрт қою арқылы аса ірі залал келтіргені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс бойынша кінәлі деп таныды. Оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеттелді. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталушының адвокаты кассациялық шағым түсіріп, үкім мен апелляциялық қаулыны жоюды сұрады. Қорғау тарапы К.-ның кінәсі жеткілікті дәлелденбегенін алға тартқан.

Алайда қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот оның өрт қоюды ұйымдастырғанын дәлелдейтін материалдар жеткілікті деген қорытындыға келді. Дәлелдер қатарында төтенше жағдайлар қызметінің материалдары, оқиға орнын тексеру хаттамалары, өрт-техникалық зерттеулердің қорытындылары, күдіктілер арасындағы телефон байланыстары, сондай-ақ жәбірленуші мен куәгерлердің көрсетімдері бар.

Шаруашылыққа келтірілген 495 млн теңге көлеміндегі залал соттың құрылыс-экономикалық сараптамасымен расталған.

Кассациялық сот тағайындалған жазаның қылмыстың ауырлығына және заң талаптарына сәйкес келетінін атап өтті. Бұған дейін қабылданған сот актілерін жоюға немесе өзгертуге негіз болмаған.

Осылайша, К.-ға қатысты алты жылдық бас бостандығынан айыру туралы үкім күшінде қалды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор