17 жастағы оқушының өлімі: Ақтөбеде күдікті студенттің соты басталды
18 жастағы студент 17 жастағы оқушының өліміне қатысты сотта жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 17 жастағы мектеп оқушысының өліміне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы — 18 жастағы бірінші курс студенті. Оқиға биыл 19 наурызда екі топ жастың арасындағы жанжалдан кейін болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, сол күні Шалқарда екі топтың арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Осы кезде 17 жастағы Әлихан Жәнібеков пышақ жарақатын алып, қаза болған. Марқұм 11-сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген.
Мемлекеттік айыптау тарапының мәліметінше, 18 жастағы жігіт қақтығыс болуы мүмкін екенін алдын ала білген. Соған қарамастан ол өзімен бірге пышақ алып барған.
Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, сотталушы жанжал кезінде қарсы тарапқа пышақпен жарақат салуды көздеген.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға болған күні сағат 22:00 шамасында сотталушы жүргізуші куәлігі болмаса да, анасының көлігін рұқсатсыз алып кеткен. Кейін достарымен бірге қаланың басқа бөлігіне барған. Тергеу нұсқасында оның жанында аңшылық пышағы болғаны көрсетілген.
Марқұмның туыстары да болған жағдайды кездейсоқ жанжал деп есептемейді. Олардың айтуынша, қарсы тарап қаладағы басқа жерден арнайы келген. Олар мектеп оқушыларын видеоға түсіріп, ересектерді кездесуге шақырған.
Марқұмның туысы Ағила Әлиманова Әлиханның сол жағдайдан кейін оқиға орнына барғанын айтты.
Сотта айыпталушы өзіне тағылған негізгі айыпты мойындамады. Ол анасының көлігін рұқсатсыз алғанын ғана растаған. Оның айтуынша, пышақты адам өлтіру үшін емес, өзін қорғау мақсатында қолданған.
«Маған қарай шамамен 15 адам жүгіріп келе жатқанын көрдім. Әлихан қолымнан ұстап қалды, қалғандары жабылды. Өліп қаламын немесе мүгедек болып қаламын деп қорықтым. Сол кезде пышақпен ұрдым», – деді ол сотта.
Сот барысында айыпталушының бұған дейін де жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бір жыл бұрын ол Шалқар тұрғынын ұрып-соққаны үшін жауапқа тартылған. Алайда сотталушы сол оқиғаның мән-жайын толық есіне түсіре алмайтынын айтқан.
Қазіргі сот процесінде де прокурордың кейбір сұрақтарына нақты жауап бермей, жекелеген жайттарды ұмытқанын жеткізді.
Сотталушы марқұмның отбасынан көпшілік алдында кешірім сұрап, Әлиханды өлтіру ойында болмағанын айтты.
Ал іс материалдарына сәйкес, пышақ жарақатын салғаннан кейін ол оқиға орнында қалмай, қашып кеткен. Кейін техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына жасырынған.
Марқұмның туыстары сотталушыға барынша қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр. Оның нақты кінәсі мен оқиға кезінде не болғанын сот анықтайды.
Материал авторы