Лионель Месси Испаниядағы клубтың 100% акциясын сатып алмақ
Месси бұған дейін Испанияның төртінші дивизионында ойнайтын «Корнелья» клубына иелік еткен еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, аргентиналық футбол жұлдызы Лионель Месси Испаниядағы клубтық жобасын кеңейтпек. 39 жастағы спортшы Сегундада өнер көрсететін «Эльденсе» клубының 100 пайыз акциясын сатып алу туралы алдын ала келісімге келген.
Клуб қазіргі уақытта колумбиялық TH инвестициялық тобына тиесілі. Тараптар клубты сату жөніндегі келіссөздерді ұзақ уақыт жүргізіп, мәміленің негізгі шарттарын өзара келіскен.
Алайда келісім әлі толық рәсімделген жоқ. Мәміле Испанияның Жоғары спорт кеңесінің мақұлдауынан өтуі тиіс. Клубты сатып алу құны әзірге жарияланған жоқ.
Мессидің «Эльденсеге» иелік ететіні туралы ресми ақпарат алдағы күндері жариялануы мүмкін.
Аргентиналық футболшының Испаниядағы тағы бір клубқа — ел футболының төртінші деңгейінде ойнайтын «Корнельяға» да иелік ететіні белгілі. Бұл команда кәсіби мәртебеге ие болмағандықтан, жаңа мәмілеге кедергі келтірмеуі тиіс.
Ал «Эльденсе» қазіргі таңда Сегунда чемпионатында қиын жағдайда тұр. Команда төрт турдан кейін екі ұпай жинап, турнир кестесінде 20-орында келеді.
Материал авторы