Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен Нұржігітпен бірге түскен суретін жариялады
Экс-депутат жол апатынан зардап шеккен азаматтың жағдайын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт Қошановпен бірге түскен суретін жариялады. Ол азаматтың өмірін сақтап қалған Тараздағы көпбейінді аурухана дәрігерлеріне алғысын білдірді.
Экс-депутат Instagram парақшасында жариялаған суретте Тараздағы көпбейінді аурухананың медицина қызметкерлері бейнеленгенін айтты. Оның сөзінше, дәрігерлердің білімі, кәсібилігі мен жанқиярлық еңбегінің арқасында Нұржігіттің өмірін сақтап қалу мүмкін болған. Медицина мамандары оны есін жиғызуға және қайтадан аяққа тұруына көмектескен.
Суреттің ортасында Нұржігіт Қошанов тұр. Бақытжан Базарбек кадрдағы медицина қызметкерлерінің барлығын атап, олардың кәсіби біліктілігіне жоғары баға берді.
«Бұл адамдарды заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өзгенің өмірін құтқаруға ғұмырын арнаған ақ халатты жандарды құрметтейік. Дәрігерлерге мың алғыс, еңбектеріңізге мың тағзым», – деп жазды экс-депутат.
Ол Нұржігіттің аяғы сынғанын, сондықтан алда әлі оңалту кезеңі тұрғанын да атап өтті.
Еске салайық, 15 тамызда Жамбыл облысында 36 жастағы жаяу жүргінші зардап шеккен жол апаты болған. Әлеуметтік желіде көлік тізгінінде бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін тасжолда көлік сиырмен соқтығысқан. Апаттан кейін бірнеше ер адам жолдағы жануардың өлексесін алып тастауға әрекет жасаған. Солардың бірі Rav-4 көлігінің астына түскен. Көлікті Бақытжан Базарбек басқарған деген ақпарат тарады.
Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізіліп, полиция қылмыстық іс қозғады. Кейін Бақытжан Базарбек жол апатына қатысқанын растады және оқиғаға қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін науқастың политравма мен жарақаттық шок салдарынан аса ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған.
Кейін экс-депутат зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге түскен видеосын да жариялады. Тамыз айының соңында Нұржігіт Құлан ауылындағы ауруханадан Тараз қаласының ауруханасына ауыстырылды. 24 күн комада жатқан ол кейін есін жиды.
Материал авторы