2289

Ресей Литваға ядролық қаруға қатысты ескерту жасады

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Литвадағы ядролық қару Мәскеуге бағытталса, оған тиісті жауап берілетінін айтты.

Ресей Литваға ядролық қаруға қатысты ескерту жасады
kremlin.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Литва өз аумағында ядролық қару орналастырған жағдайда, ел Ресейдің ядролық қаруы нысанасына түсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Песковтің айтуынша, мемлекет аумағында ядролық қару орналастырылған жағдайда, ол белгілі бір қарсы тарапқа бағытталады. Ресей өкілі Литвада мұндай қару пайда болса, оның Ресейге бағытталуы ықтимал екенін айтты.

«Егер біздің елге бағытталған ядролық қару сол мемлекеттің аумағында орналасса, онда бұл елдің аумағы да біздің ядролық қаруымыздың нысанасына түседі», – деді Песков Бірінші арна эфирінде.

Оның пікірінше, ядролық қарудың бағыты батысқа емес, шығысқа, яғни Ресейге қарай бағытталуы мүмкін.

Бұған дейін Литвада ядролық қаруды ел аумағында орналастыруға қатысты конституциялық тыйымды алып тастау мәселесі талқыланып жатқаны хабарланған. Парламенттегі фракциялардың басым бөлігі бұл бастаманы қолдап отыр.

Материал авторы