1837

Үш адам қаза тапқан жол апаты: Haval жүргізушісіне ең жоғары жаза берілді

Алматы – Қорғас тасжолында ерлі-зайыпты мен 20 жастағы қызы қаза тапқан еді.

Үш адам қаза тапқан жол апаты: Haval жүргізушісіне ең жоғары жаза берілді
полиция департаменті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі Haval жүргізушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оған көлік басқаруға өмір бойына тыйым салды.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мас күйде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған Haval M6 жүргізушісіне қатысты үкім шығарды.

Қайғылы оқиға 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған. Сот мәліметінше, Haval жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Audi көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан Audi көлігіндегі үш адам оқиға орнында қаза тапты. Олар ерлі-зайыпты және 20 жастағы қыздары болған. Отбасының тағы үш мүшесі – 19 жастағы қыз, 14 жастағы ұл және 10 айлық немересі түрлі жарақат алған.

Сот Ж.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап көлікті мас күйде басқарып, жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына қатысты.

Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот айыпталушыға ең жоғары жаза – 10 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындады. Сонымен қатар оған көлік құралдарын басқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Сотталушыдан моральдық зиян үшін 29 миллион теңге және материалдық шығын ретінде 1 799 089 теңге өндірілетін болды.

Бұған дейін жол апатынан кейін Haval жүргізушісінің ауруханада күзетпен жатқандығы хабарланған. Полиция оқиғаның мән-жайын тергеуді ерекше бақылауға алған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы