«Әпкесінің балабақшасына 1,3 млрд теңге аударды»: Түркістан облысындағы дауға әкімдік жауап берді
Желіде аудандық білім бөлімінің басшысы әпкесіне тиесілі балабақшаға бюджеттен 1,3 млрд теңге аударғаны туралы ақпарат тараған.
Түркістан облысында аудандық білім бөлімінің басшысы әпкесіне тиесілі жекеменшік балабақшаға бюджеттен 1,3 млрд теңге аударғаны туралы ақпарат тарады. Алайда облыс әкімдігі бұл мәліметті жоққа шығарды.
Әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Telegram-дағы Egov.press арнасында, аудандық білім бөлімдерінің бірінің басшысы бюджет қаражаты есебінен туған әпкесіне тиесілі балабақшаны 1,3 млрд теңгеге қаржыландырғаны туралы ақпарат жарияланған.
Түркістан облысының әкімдігі аталған жазбаға қатысты ресми түсініктеме берді.
Әкімдік ақпаратты жоққа шығарды
Ведомство таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Әкімдік мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қаражат мемлекеттік білім беру тапсырысы мен жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі арқылы, балабақшадағы тәрбиеленушілер саны және бекітілген нормативтер негізінде бөлінеді.
Сондықтан қаржыландыру көлемін аудандық білім бөлімі басшысының жеке өзі белгілеп, біржақты шешім қабылдауы мүмкін емес.
Әкімдік сонымен қатар әлеуметтік желідегі жарияланымда көрсетілген 1,3 млрд теңге сомасы да тиісті кезеңдегі нақты қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтінін атап өтті.
Даулы мәлімет сотта қаралады
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, білім бөлімі басшысы өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп есептеген ақпараттың таралуына байланысты сотқа жүгінген.
Осыған байланысты жарияланымда көрсетілген деректерге құқықтық бағаны сот береді.
Түркістан облысының әкімдігі бюджет қаражатына қатысты ақпарат тарату кезінде ресми құжаттар мен тексерілген фактілерге сүйенуге шақырды.
Қазір аталған мәліметтер бойынша тараптардың ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы. Сондықтан 1,3 млрд теңге туралы бастапқы ақпаратты расталған факт ретінде қабылдауға негіз жоқ. Соңғы құқықтық баға сот шешімінен кейін белгілі болады.
Материал авторы