Грузияның экс-қорғаныс министрі сұхбаттан кейін ұсталды: оған «мемлекетке опасыздық» бабы тағылды
Грузия билігі бұрынғы қорғаныс министрі Георгий Барамидзенің мәлімдемесін ұлттық мүддеге зиян келтірді деп бағалап, оған қатысты қылмыстық іс қозғады.
Грузияда бұрынғы қорғаныс министрі әрі ішкі істер министрі болған Георгий Барамидзе ұсталды. Саясаткерге «Отанға опасыздық жасау, нақтырақ айтқанда, саботаж» бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұл туралы DW басылымы жазды.
Георгий Барамидзе — Грузияның бұрынғы премьер-министр міндетін атқарушысы, сондай-ақ Михаил Саакашвили негізін қалаған «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының жетекшілерінің бірі.
Грузия Бас прокуратурасы басшысының орынбасары Амиран Гулуашвилидің айтуынша, Барамидзеге қатысты қылмыстық іс сот қаулысы негізінде қозғалған. Тергеу материалдары бойынша саясаткерге мемлекетке қарсы әрекет жасады деген айып тағылмақ.
Тергеуге Барамидзенің 18 шілдеде көрсетілген сұхбаты себеп болған. Саясаткер оппозициялық «Жаңа саяси орталық — Гирчи» партиясының жетекшісі Яго Хвичия жүргізетін «Грузияның дүниеге келуі» бағдарламасына қатысқан.
Прокуратура мәліметінше, 58 жастағы саясаткер 1992-1993 жылдардағы Абхазиядағы соғыс туралы пікір білдірі, грузин әскери күштері тұтқындарды тірі қалдырмай, сол жерде атып отырғанын айтқан. Оның сөзінше, осы себепті грузин тарапында абхаздардағыдай әскери тұтқындармен алмасуға мүмкіндік болмаған.
Алайда құқық қорғау органдары бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, Грузия армиясы тұтқындарды атып өлтірді деген деректер расталмағанын мәлімдеді.
Георгий Барамидзенің сөзіне байланысты тергеу 7 тамызда басталған. Оған Грузияның мемлекеттік ардагерлер істері қызметінің шағымы себеп болған.
Бас прокуратура саясаткердің мәлімдемесін «негізсіз және қолдан жасалған» деп атады. Ведомство өкілдері бұл сөздер әдейі идеологиялық және үгіт-насихат мақсатында айтылғанын, сондай-ақ Грузияның мемлекеттік мүдделеріне, сыртқы қауіпсіздігіне, қорғаныс қабілетіне және мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар прокуратура Барамидзенің мәлімдемесі Грузияның имиджіне зиян келтіріп, елдің қорғаныс күштерінің беделіне нұқсан келтірді, Абхазия соғысында қаза тапқан әскери қызметкерлер мен ардагерлердің ар-намысына тиді деп есептейді.
Билік өкілдерінің пікірінше, бұл сөздер қақтығыстан зардап шеккен қоғам арасындағы татуласу процесіне кері әсер етіп, елдің бейбітшілік пен оккупацияланған аумақтарға қатысты саясатына кедергі келтіруі мүмкін.
Экс-министрді қамауға алу мәселесі сотта қаралады
Грузия Бас прокуратурасы Барамидзені қамауда ұстау туралы шешімді сот арқылы алуға ниетті екенін хабарлады.
«Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қоғамға оның барысы мен нәтижелері туралы ақпарат беріледі», — деп мәлімдеді құқық қорғау органы.
Барамидзенің ұсталуына байланысты іс Грузиядағы саяси ортада жаңа пікірталас тудырды. Билік бұл жағдайды мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі ретінде бағаласа, оппозиция өкілдері оны саяси қысым ретінде қабылдауы мүмкін.
Материал авторы