Сауд Арабиясының стратегиялық мұнай құбырына шабуыл жасалды: дрондар Ирактан ұшырылған
Дрондар шабуылынан кейін мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылып, аймақтағы қауіпсіздік мәселесі қайта көтерілді.
Сауд Арабиясындағы аса маңызды «Шығыс-Батыс» мұнай құбырына Ирак аумағынан ұшырылған ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасады. Ирак билігі оқиғаны растап, тергеу жұмыстарын бастаған. Бұл туралы Aljazeera басылымы жазды.
Шабуыл Ирактың Майсан провинциясынан жасалғаны хабарланды. Оқиғадан кейін өңірдегі әскери бөлім басшысы қызметінен уақытша шеттетілді.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Ирак тарапы бастаған тергеуді назарға алғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Эр-Рияд жауап шабуыл жасау туралы шешім қабылдамаған. Сауд тарапының мәліметінше, дрондар шабуылынан зардап шеккендер бар.
Оқиғадан кейін Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд пен Ирактың сыртқы істер министрі Фуад Хусейн телефон арқылы сөйлесті.
Тараптар Таяу Шығыстағы соңғы жағдайды талқылап, аймақтағы тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.
Шабуыл 10 қыркүйек күні таңертең болған. Сауд Арабиясы Энергетика министрлігінің мәліметінше, дрондар Медина мен Эр-Рияд аймақтарындағы мұнай құбырының бір бөлігіне соққы берген.
Оқиғадан кейін құбыр жұмысы уақытша тоқтатылды.
«Шығыс-Батыс» мұнай құбыры Сауд Арабиясы үшін стратегиялық маңызға ие. Ол елге мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қызыл теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік береді.
Бұл нысанға жасалған шабуыл Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Себебі әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі саналатын Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына кез келген қауіп жаһандық нарыққа әсер етуі мүмкін.
Материал авторы