Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Елена Рыбакина ерлер мен әйелдер арасында да әлемдік жеке рейтингті басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA-ның жаңартылған әлемдік рейтингінде ресми түрде бірінші орынға көтерілді. Осылайша ол әлемдік жеке рейтингті басқарған Қазақстан тарихындағы алғашқы теннисші атанды.
Жаңартылған рейтингте Рыбакинаның еншісінде 9 901 ұпай бар. Ол екінші орыннан бірінші сатыға көтеріліп, 7 875 ұпай жинаған Арина Соболенконы басып озды. Екі теннисшінің арасындағы айырмашылық 2 026 ұпайды құрайды. Үшінші орында 7 265 ұпайы бар америкалық Джессика Пегула тұр.
Әлемдік рейтингтегі көшбасшылық үшін күресте шешуші рөлді 2026 жылғы US Open турнирі атқарды. Рыбакина қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңіп, жарыстың жартылай финалына шыққаннан кейін, турнирдегі бұдан кейінгі нәтижесіне қарамастан, рейтингте бірінші орын алатыны белгілі болған.
US Open басталар алдында әлемнің бірінші ракеткасы атануға Арина Соболенко, Джессика Пегула және Коко Гауфф та үміткер болған.
Алайда Рыбакина мұнымен шектелмей, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалда ол Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-дегі алғашқы чемпиондығы әрі «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы болды.
Осы жетістігінің арқасында 27 жастағы Елена Рыбакина WTA тарихында әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілген 30-шы теннисші атанды.
Сонымен қатар ол ерлер мен әйелдер арасындағы жеке әлемдік рейтингте көш бастаған Қазақстанның тұңғыш өкілі ретінде тарихқа енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтады. Президент спортшының кәсіби шеберлігін атап өтіп, оның жетістігіне бүкіл Қазақстан мақтанатынын жеткізді.
Материал авторы