3150

«Қазақтар жақында пайда болды»: Қырғызстаннан келген студент қыздар қазақтарды қорлаған (ВИДЕО)

Астанада алмасу бағдарламасымен оқып жүрген екі студенттің тікелей эфирдегі сөзі әлеуметтік желіде үлкен пікірталасқа ұласты.

«Қазақтар жақында пайда болды»: Қырғызстаннан келген студент қыздар қазақтарды қорлаған (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген Қырғызстаннан келген екі студенттің қазақ халқына қатысты айтқан сөздері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бейнежазбаға пікір білдірген бірқатар қолданушы қыздарды Қазақстаннан депортациялауды талап еткен.

Тікелей эфир барысында студент қыздар қазақтар мен қырғыздардың тарихы, тілі мен дәстүріне қатысты пікір айтып, қазақ халқының тарихына күмән келтіретін және ұлттың ар-намысына тиетін тұжырымдар жасаған.

Қыздардың сөзінен үзінді:

«Қырғыздар мен қазақтар бір халық, бауырлас халық деп айтады ғой. Бірақ мен қазақтар кейінірек пайда болды деп ойлаймын. Олар бізді туыс деп санайды. Әрине, тіліміз, дәстүріміз, салт-ғұрпымыз ұқсас. Бірақ меніңше, көп нәрсе бізден оларға өткен. Қазақтар қырғыздарды ханның басын қайтармағаны үшін де кінәлаған. Ал оны неге қайтаруымыз керек? Біздің дәстүріміз бойынша, біз көшпелі халықпыз және жаудың басын қайтармауымыз керек деген түсінік болған», – деді қыздардың бірі.

Осыдан кейін эфирге белгісіз қазақстандық азамат хабарласып, студенттердің сөзіне наразылық білдірді. Ол қыздардың Астанада алмасу бағдарламасымен Бішкектен келгенін анықтап, олардың айтқандары қоғамда және оқу орнында талқылануы мүмкін екенін ескертті.

«Қайырлы кеш. Мына қыздар қазір Қазақстанда жүр ме? Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келген бе? Олардың ертең қазақстандық достары, ата-аналары, университеті бұл сөздерді естігенде ұялмай ма? Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы бұлай жаман сөз айтпаймыз. Ал бұл қыздар қазақ ханы туралы қорлайтын сөздер айтып отыр. Ертең олардың туыстары, университеті бұл жағдайды білуі мүмкін. Осы үшін оқудан шығарылуы да ықтимал. Оларға бұл сөздері үшін ұят емес пе? Біз қырғыздарды ешқашан қорлаған жоқпыз. Біз бұл видеоны жазып алдық, ертең Қырғызстан елшілігіне жібереміз», – деді ол.

Осыдан кейін студенттер тікелей эфирден шығып кеткен. Кейін Pan VASYL YouTube арнасының авторы қыздармен эфирде сөйлескен сәтін желіде жариялаған. Бейнежазба қазіргі таңда Threads желісінде кеңінен талқыланып жатыр.

Желі қолданушыларының бір бөлігі студенттердің сөзін айыптап, олардың Қазақстаннан шығарылуын талап еткен.

«Бұл қыздың оң жақтағы аккаунты таныс. Бір дәрісте оқығанбыз. Оның сырт көзге көрсеткен болмысының артында осындай пікірлердің болғаны өкінішті», – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы: «Екеуі ханның басын алып келгендей айтып отыр. Мұндай сөздер ұлтаралық жанжалға себеп болуы мүмкін. Қыздарды еліне қайтару керек», – деген пікір білдірді.

«Қазақтар Қырғызстан туралы ешқашан жаман сөз айтқан емес деп ойлаймын. Ал қырғыздардың арасында қазақтарға қатысты жағымсыз пікірлерді жиі кездестіремін. Неліктен бізге сонша ызасы бар? Неге мұндай араздық болуы керек?» – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.

Кейбір пікір авторлары студенттерді Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша жауапқа тарту қажеттігін айтып, оларды елден шығаруды ұсынған.

Әзірге Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Материал авторы