1326

Қосшыдағы сауда үйінде жанжал шығарған ер адам қамауға алынды

Полиция сауда үйінде өзін дөрекі ұстаған ер адамның алкогольдік мас күйде болғанын хабарлады.

Қосшыдағы сауда үйінде жанжал шығарған ер адам қамауға алынды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Қосшы қаласында сауда үйінде жанжал шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған 34 жастағы ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Оқиға 12 қыркүйекте болған. Сол күні Қосшы қаласының полициясына сауда үйінде алкогольдік мас күйде жүрген ер адамның өзін агрессивті ұстап, айналасындағыларға кедергі келтіріп жатқаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына келген полицейлер ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Оның Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының 34 жастағы тумасы екені анықталды.

Сауда үйіндегі ер адамның әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

«Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау тағайындалды», – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.

Ведомство қоғамдық тәртіпті бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор