Елена Рыбакина қазақ журналисінің сұрағын күтіп, шетелдіктерді тәнті етті
Әлемнің бірінші ракеткасы баспасөз жиыны аяқталғанына қарамастан, қазақ журналистің сұрағын қойып болғанша орнынан кетпеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық теннисші Елена Рыбакинаның US Open турнирінен кейінгі әрекеті шетелдік әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Әлемнің бірінші ракеткасы баспасөз мәслихаты аяқталған соң да қазақстандық журналист өз сұрағын қойып болғанша күтіп тұрған.
Баспасөз жиынында журналистермен ресми кездесу аяқталғанымен, АҚШ-та жұмыс істейтін 24.kz телеарнасының тілшісі Ердана Ержанұлы Рыбакинаға сұрақ қойып үлгермеген. Осыдан кейін ол ұйымдастырушылардан теннисшіге сұрақ қоюға мүмкіндік беруді сұраған.
Рыбакина журналистің өтінішін қолдап, орнынан кетпей күтіп тұрған. Тілші чемпионнан Қазақстандағы жас жанкүйерлеріне не айтқысы келетінін сұрады.
«Ең алдымен мені қолдап, маған сенген барша жанға алғыс айтқым келеді. Үйге оралған соң осы қуанышты мен үшін жанкүйер болған, турнирді бақылаған барлық қазақстандықтармен, әсіресе балалармен бөліскім келеді», – деді теннисші.
Осы сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, шетелдік теннис жанкүйерлерінің қызығушылығын тудырды. Қолданушылар Рыбакинаның қазақстандық журналистке құрметпен қарап, оның сұрағын күткенін ерекше атап өтті.
Еске салайық, Елена Рыбакина US Open финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет осы турнирдің чемпионы атанды. Осы жеңісінен кейін қазақстандық теннисші WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Рыбакина үшін бұл Үлкен дулыға турнирлеріндегі үшінші чемпиондық болды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдонды, ал 2026 жылы Australian Open турнирін жеңіп алған.
Материал авторы