Текелі тауларында ер адам аюмен бетпе-бет келді (ВИДЕО)
Сиыр іздеген ер адам тауда аюға тап болған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысының Текелі қаласы маңындағы тауда ер адам аюмен күтпеген жерден бетпе-бет келген. Жабайы аңмен болған сәт видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады.
Видеоны Instagram желісінде Владислав есімді қолданушы жариялаған. Оның айтуынша, ол тауға сиырларын іздеп барған кезде бірнеше метр жерден аюға тап болған.
«Текелі тауларындағы әдеттегі кешіміз қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Сиырларды іздеуге барған едім, ал алдымнан бірнеше метр жерде нағыз аю шықты. Қатты шошып кеттім», – деп жазды ол.
Кадрларда ер адам мен аюдың бір-біріне жақын жерде тұрғаны көрінеді. Ер адам алдымен «Міне, аю» деп сыбырлап айтқан. Кейін жабайы аңға айқайлап, ол жерден кетуін талап еткен.
Владислав кейінгі пікірінде кездесуді әзілмен сипаттады.
«Аю маған қарады, мен оған қарадым. Соңында екеуміз де әзірге аш емес екенімізді түсіндік», – деп жазды ол.
Соңғы уақытта Қазақстанның әр өңірінде аюлардың елді мекендерге жақын аумақта байқалғаны туралы ақпарат жиілеген. Мәселен, Риддер қаласының маңындағы Иванов жотасында фотограф бір күннің ішінде 11 аюды санаған. Ал шілде айында Риддер тұрғынына аю шабуыл жасағаны хабарланған.
Материал авторы