961

Visa мен Halyk Қазақстандағы She’s Next бастамасының бесінші мерейтойлық толқынын бастады

Жоба аясында әйелдер бизнесін дамытуға білім алып, сарапшылардың қолдауына ие болып, үздік жобалар үшін грантқа таласа алады.

Visa мен Halyk Қазақстандағы She’s Next бастамасының бесінші мерейтойлық толқынын бастады
Visa & Halyk

Visa мен Halyk Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған She’s Next жаһандық бастамасының бесінші, мерейтойлық толқынын бастады. Биыл жоба аясындағы грант қоры 30 млн теңгеге дейін ұлғайтылып, бизнеске арналған жаңа «Инклюзивті бизнес» санаты енгізілді.

2021 жылдан бері She’s Next бағдарламасына Қазақстан мен Орталық Азиядан 40 мыңнан астам әйел қатысқан. Қазақстандағы алғашқы төрт толқынның қорытындысы бойынша 14 кәсіпкер әйел өз бизнесін бастауға немесе дамытуға жалпы сомасы 46,5 млн теңге болатын гранттарға ие болған.

Биыл жоба кәсіп бастауды жоспарлап жүрген әйелдермен қатар, жұмыс істеп тұрған кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге де мүмкіндік береді. Қатысушылар білім беру бағдарламасына қатысып, бизнес-жоспарын әзірлей алады және оны сарапшылар комиссиясының қарауына ұсынады.

She’s Next-тің бесінші толқыны төрт санатты қамтиды: «Қолданыстағы бизнес», «Инклюзивті бизнес», «Жаңа бизнес» және «IT-бизнес».

Жоба аясында Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Қарағанды және Шымкент қалаларында паблик-токтар өтеді. Кездесулерде жергілікті кәсіпкер әйелдер бизнесті бастау және дамыту тәжірибесімен бөлісіп, өңірлерде кәсіп жүргізудің практикалық мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар Visa өкілдері бастамаға қатысу шарттарын түсіндірсе, Halyk командасы кәсіпкер әйелдерге арналған қаржылық өнімдер мен шешімдерді таныстырады.

Шымкентте She’s Next Pop-Up Space ұйымдастырылады. Онда бастаманың алдыңғы толқындарына қатысқан кәсіпкер әйелдер өз өнімдері мен брендтерін таныстырып, жаңа клиенттер мен іскерлік байланыстар табуға мүмкіндік алады.

«Halyk-пен бірге Қазақстанда She’s Next бастамасының бесінші, мерейтойлық толқынын бастап жатқанымызға қуаныштымыз. Алдыңғы төрт толқын барысында бастама мыңдаған кәсіпкер әйелді біріктіріп, оларға қаржылық қана емес, білім беру және сараптамалық қолдау алуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Биыл She’s Next мүмкіндіктерін кеңейтеміз: гранттық қорды 30 млн теңгеге дейін ұлғайтамыз, «Инклюзивті бизнес» атты жаңа санатты қосамыз және елдің бес қаласында іс-шаралар өткіземіз», – деді Visa компаниясының Украина, Молдова, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ бойынша аға вице-президенті әрі өңірлік менеджері Сергей Мартынчук.

Ал Halyk басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, She’s Next бүгінде байқаудан бөлек, тәжірибе мен білім алмасатын кәсіпкер әйелдер қауымдастығына айналған.

Жобаға қатысу үшін кәсіпкер әйелдер 14 қыркүйек пен 8 қараша аралығында She’s Next платформасында тіркелуі керек. 9-22 қараша аралығында тіркелген қатысушылар білім беру вебинарларына қатысып, бизнес-жоспарларын дайындайды.

23 қараша мен 13 желтоқсан аралығында дайын жобалар төрт санаттың бірі бойынша сарапшылар комиссиясына ұсынылады. 14 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін комиссия бизнес-жоспарларды бағалап, онлайн-питчингке қатысатын 40 жобаны іріктейді. Оның қорытындысында әр санаттан үш жобадан, жалпы 12 финалист анықталады.

22 қаңтарда Алматыда өтетін She’s Next Grand Final шарасында финалистер өз жобаларын қазылар алқасына таныстырады. Қорытынды бойынша төрт санаттың әрқайсысынан бір жеңімпаз анықталады.

Бастамаға қатысуға өтінімдерді 8 қарашаға дейін She’s Next платформасы арқылы беруге болады. Жоба жаңалықтары мен келесі кезеңдер туралы ақпарат платформада және бастаманың ресми Telegram-арнасында жарияланады.