982

Астанада отбасылар Counter-Strike 2 ойнап, алғашқы Family Cup турнирінде бақ сынады

Отбасы күніне орай өткен ASTANA FAMILY CUP 2026 жарысында жақын туыстар бір команда болып Counter-Strike 2 ойнады.

Астанада отбасылар Counter-Strike 2 ойнап, алғашқы Family Cup турнирінде бақ сынады
ASTANA FAMILY CUP 2026

13 қыркүйекте Астанада Отбасы күніне орай Counter-Strike 2 ойыны бойынша ASTANA FAMILY CUP 2026 алғашқы отбасылық киберспорт турнирі өтті. Ерекше жарыс компьютерлік ойын арқылы бірнеше буын өкілдерін бір командаға біріктірді. Турнирді The Summit Esports (TSE) ұйымдастырды.

ASTANA FAMILY CUP 2026 жарысының негізгі ерекшелігі – командалардың кәсіби ойыншылардан емес, туыстардан жасақталуы. Жарысқа ерлі-зайыптылар, аға-інілер, әпке-сіңлілер және басқа да жақын туыстар бір құрам болып қатысты.

Жобаның мақсаты – киберспортқа қалыптасқан көзқарасты өзгертіп, компьютерлік ойындарды отбасы мүшелерін жақындастыратын заманауи демалыс түрі ретінде көрсету.

«Компьютерлік ойындар балалар мен ата-аналарды бір-бірінен алшақтатады немесе отбасының уақытын алады деген пікірді жиі естиміз. Біз оның мүлде басқа қырын көрсеткіміз келді. Бұл жерде отбасы бір командаға айналады: бірге тактика құрады, жеңіс пен жеңілісті бірге қабылдайды, бір-біріне қолдау көрсетеді. Сондықтан алғашқы осындай турнирді дәл Отбасы күнінде өткізу біз үшін ерекше символдық мәнге ие болды», – деді турнир ұйымдастырушысы Азамат Божак.

Жарыс алдымен топтық кезеңнен басталды. Оның қорытындысы бойынша үздік отбасылық командалар плей-офф кезеңіне өтіп, жүлделі орындар үшін күресті жалғастырды.

Турнирдің өтуіне бірқатар компания қолдау көрсетті. Олардың қатарында Garden Kazakhstan, «Отбасы банк» АҚ, Logitech, GASENERGY, «Арзан Alem» онлайн-сервисі, Hilton Astana қонақ үйі, Eforea SPA орталығы, «Село Лесное» сауда маркасы, Chaplin Cinema кинотеатры, Ailand ойын-сауық орталығы және Navat мейрамханасы бар.

Ұйымдастырушылар ASTANA FAMILY CUP 2026 жарығын бір реттік шара ретінде ғана емес, Қазақстанда отбасылық киберспорттық іс-шаралардың жаңа дәстүрін қалыптастыруға бағытталған жоба ретінде дамытуды жоспарлап отыр.