«Қазақтар жақында пайда болды» деген қырғыз қыздар халықтан кешірім сұрады (ВИДЕО)
Астанада оқып жүрген екі қырғызстандық қыздың қазақтар мен Кенесары ханға қатысты айтқан сөздері желі қолданушыларының ашуына тиген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген Қырғызстанның екі студенті әлеуметтік желідегі тікелей эфирде қазақ халқының тарихы мен дәстүріне қатысты айтқан пікірлерінен кейін көпшіліктен кешірім сұрады.
Даулы жағдай екі студенттің Pan VASYL YouTube арнасының авторымен Чат-Рулетка платформасында сөйлесуі кезінде болған. Әңгіме барысында қыздардың бірі қазақтар мен қырғыздардың тарихы, тілі мен дәстүріне қатысты пікір білдіріп, қазақ халқының тарихына байланысты дау туғызған тұжырым айтқан.
«Қырғыздар мен қазақтар бір халық, бауырлас халық деп айтады ғой. Бірақ мен қазақтар кейінірек пайда болды деп ойлаймын. Олар бізді туыс деп санайды. Әрине, тіліміз, дәстүріміз, салт-ғұрпымыз ұқсас. Бірақ меніңше, көп нәрсе бізден оларға өткен. Қазақтар қырғыздарды ханның басын қайтармағаны үшін де кінәлаған. Ал оны неге қайтаруымыз керек? Біздің дәстүріміз бойынша, біз көшпелі халықпыз және жаудың басын қайтармауымыз керек деген түсінік болған», – деді қыздардың бірі.
Студенттердің сөзі әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қазақстандық қолданушылардың бір бөлігі олардың пікірін сынға алып, қыздардың Қазақстаннан шығарылуын талап етті. Кейбір желі қолданушылары бұл жағдайды Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабы тұрғысынан қарау қажет деген пікір білдірді.
Кейін студенттер қазақ халқына арнайы видеоүндеу жариялап, айтқан сөздері үшін кешірім сұрады.
«Сәлеметсіздер ме, құрметті бауырлас қазақ халқы. Менің атым – Арууке, менің атым – Медина.
Осы видеоүндеу арқылы сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Интернетте тарап жатқан видеода айтылған сөздеріміз үшін сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз.
Сонымен қатар блогер тарапынан айтылған үгіт сипатындағы сөздер мен арандатушылық сұрақтарға тоқталғым келеді. Алайда бұл біздің тарапымыздан айтылған сөздерді еш ақтамайды. Сондықтан бүкіл бауырлас қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз.
Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөздер айтуға болмайды. Біздің мақсатымыз ешқашан қазақ халқын қорлау немесе жаман атқа қалдыру болған емес. Дұрыс айтылмаған сөздерімізге қатты өкінеміз және Қазақстандағы бауырларымыздан шын жүректен кешірім сұраймыз.
Тағы да бір рет кешірім сұрағым келеді.
Қырғыз халқына, қазақ халқына, ұстаздарымыз бен ата-анамызға мұндай жағдай енді қайталанбауы керек және қайталанбайды деп сөз береміз. Тағы да сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз», – деді студенттер видеоүндеуінде.
Бұған дейін қыздардың тікелей эфирдегі сөзі желіде кеңінен тараған еді. Эфир кезінде белгісіз қазақстандық азамат студенттердің Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келгенін анықтап, олардың айтқандары оқу орны мен қоғамда талқылануы мүмкін екенін ескерткен.
«Қайырлы кеш. Мына қыздар қазір Қазақстанда жүр ме? Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келген бе? Олардың ертең қазақстандық достары, ата-аналары, университеті бұл сөздерді естігенде ұялмай ма? Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы бұлай жаман сөз айтпаймыз. Ал бұл қыздар қазақ ханы туралы қорлайтын сөздер айтып отыр. Ертең олардың туыстары, университеті бұл жағдайды білуі мүмкін. Осы үшін оқудан шығарылуы да ықтимал. Оларға бұл сөздері үшін ұят емес пе? Біз қырғыздарды ешқашан қорлаған жоқпыз. Біз бұл видеоны жазып алдық, ертең Қырғызстан елшілігіне жібереміз», – деді ол.
Осыдан кейін студенттер тікелей эфирден шығып кеткен. Ал олардың блогермен сөйлескен видеосы әлеуметтік желілерде, соның ішінде Threads платформасында қызу талқыланды.
Желі қолданушыларының пікірлері әртүрлі болғанымен, басым бөлігі студенттердің айтқан сөздеріне наразылық білдірді. Кейбірі олардың пікірін ұлтаралық араздыққа әкелуі мүмкін деп бағалады.
Әзірге Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Материал авторы