Шәкір Кейкин Атырау әкімі қызметінен кеткеннен кейін халыққа үндеу жасады
Үш жылдан астам уақыт әкім болған Шәкір Кейкин қызметтен кетуіне қатысты мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шәкір Кейкин Атырау әкімі қызметінен кеткеннен кейін қала тұрғындарына үндеу жасап, үш жылдан астам уақыт атқарған жұмысына тоқталды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қызметін аяқтап жатқанын хабарлады.
Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметін 2023 жылдың шілдесінен бері атқарғанын атап өтті. Осы уақыт аралығында қала инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілгенін айтты.
«2023 жылдың шілдесінен бүгінге дейін Атырау қаласының әкімі болып, туған қаламыздың дамуына өз үлесімді қосуға мүмкіндік алғанымды үлкен жауапкершілік әрі мәртебе деп санаймын», – деп жазды Шәкір Кейкин.
Оның айтуынша, қалада атқарылған жұмыстар бір адамның еңбегі емес, тұрғындардың ортақ үлесінің нәтижесі. Бұрынғы әкім осы жылдары қала халқымен жүздеген кездесу өткізіліп, тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері тыңдалғанын жеткізді.
Кейкин облыс басшылығына, әріптестеріне, қаладағы мекеме мен ұйым қызметкерлеріне, еңбек адамдарына, қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге және ең бастысы Атырау тұрғындарына сенімі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Әкім қызметіндегі жылдар мен үшін үлкен мектеп болды», – деді ол.
Шәкір Кейкин қала тұрғындарына мықты денсаулық пен отбасылық амандық тілеп, Атырауға тұрақты даму мен алдағы уақытта жаңа жетістіктер тіледі.
Айта кетейік, 14 қыркүйекте Шәкір Кейкиннің Атырау әкімі қызметінен кеткені белгілі болды.
Бұған дейін биыл маусым айында Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Сондай-ақ желіде Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілеген Махуовтың да ұсталғаны туралы ақпарат тараған. ҰҚК бұл жағдайға қатысты да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Осы ақпараттардан кейін тұрғындар Шәкір Кейкиннің қайда жүргенін және не себепті қоғамдық кеңістікте көрінбей кеткенін сұрай бастаған. Ол кезде Атырау қаласы әкімдігі Кейкиннің еңбек демалысында емес, денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болғанын, кейін жұмысқа шығып, өз міндетін атқарып жүргенін хабарлаған.
Материал авторы