PR Forum Astana: Сенім мемлекет пен бизнестің стратегиялық активіне айналуда
Астанада өткен XIV PR Forum Astana форумында мемлекет, бизнес және медиа арасындағы сенімді қалыптастырудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Астанада мемлекеттік және корпоративтік коммуникацияларды дамыту мәселелеріне арналған XIV PR Forum Astana кәсіби салааралық конференциясы өтті. Биылғы форумның негізгі тақырыбы сенімнің мемлекет пен бизнес үшін стратегиялық актив ретіндегі рөліне арналды.
14 жыл ішінде PR Forum Astana Қазақстанның әр өңірінен келген 1500-ден астам маманды бір алаңға жинады. Биылғы жиында саяси коммуникация, қазақтілді контент, өнеркәсіптегі салалық коммуникация, жасанды интеллект және беделді басқару мәселелері талқыланды. Шақырылған сарапшылар Қазақстандағы және шетелдегі нақты PR кейстерді талдап, коммуникациядағы сәтті әрі сәтсіз шешімдерге тоқталды.
«Бүгінде сенім мемлекет үшін де, бизнес үшін де негізгі ресурстардың біріне айналып отыр. Оны жарнамалық науқанмен немесе бір реттік ақпараттық жобамен қалыптастыру мүмкін емес. Сенім нақты әрекеттердің жүйелілігінен, ашықтықтан және әртүрлі аудиториямен адал диалог жүргізу қабілетінен құралады. Сондықтан биыл коммуникацияға мемлекеттік институттарға, компанияларға, медиаға және PR мамандығының өзіне деген сенім тұрғысынан қарағымыз келді», – деді «PR-шы» клубының тең құрылтайшысы, ҚР НАСО кеңесінің төрайымы, Қазақстан баспасөз клубы/PG Communications CEO-сы Әсел Қараулова.

Форумның алғашқы сессиясы Қазақстандағы саяси коммуникацияның өзгеруіне арналды. «Қазақстандағы саяси коммуникация: сайлау, сенім және саяси PR-дың жаңа ережелері» атты талқылауда мемлекет, саяси институттар, БАҚ пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа сипаты сөз болды.
Сарапшылар сайлау кезеңінде қоғамдық сенімнің қалай қалыптасатынын және қандай жағдайда әлсірейтінін талдады. Сонымен қатар саяси партиялар мен көшбасшылардың беделі, PR мен саяси технологиялардың қоғамдық нарратив қалыптастырудағы ықпалы қарастырылды. Талқылауға саясаттанушы Талғат Калиев, журналист Әселім Әбдраимова және «Media Systems» агенттігінің өкілі қатысты. Сессияны Әсел Қараулова мен Салтанат Әскербекқызы жүргізді.
Форумдағы маңызды бағыттардың бірі қазақтілді контентке арналды. «Қазақтілді контент: ресми аудармадан толыққанды коммуникацияға өту» тақырыбындағы панельде компаниялар мен ұйымдардың қазақ тіліндегі коммуникация тәжірибесі сараланды.

Қатысушылар қазақ тіліндегі контентті тек тілдік талаптарды орындаудың формалды тәсілі ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Олардың пікірінше, қазақша коммуникация аудиторияның мәдени коды мен ерекшелігін ескерген жағдайда ғана шынайы байланыс орната алады.
Панельді «PR-шы» клубының вице-президенті, «TANBA» агенттігінің директоры Ақсұлу Саңғали модерациялады. Талқылауға Carlsberg Kazakhstan компаниясының корпоративтік қатынастар және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Индира Садвакасова, Kcell корпоративтік байланыс бөлімінің қоғаммен байланыс жөніндегі сарапшысы Бақытжан Мұхаммедияұлы және медиасарапшы, Назарбаев Университетінің профессоры, PhD Молдияр Ергебеков қатысты.
Спикерлер қазақтілді аудиторияның бизнес пен қоғамдық жобалар үшін маңызды өсу нүктесіне айналғанын айтты. Алайда мәдени кодты елемеу компаниялар мен ұйымдар үшін бедел тәуекелін күшейтуі мүмкін. Сарапшылар нақты кейстер мен өлшенетін нәтижелер арқылы қандай контенттің қазақстандық аудиторияның сұранысына жауап беретінін талдады.
«Қазақтілді контент бүгінде ресми талапты орындау емес, аудиториямен шынайы байланыс құралына айналды. Бренд қазақша сөйлегенде ғана емес, қазақша ойлағанда нәтиже көреді. Аудитория жасандылықты бірден сезеді. Ал мәдени кодты құрметтеу – сенім мен органикалық қамтудың ең қысқа жолы. Біздің міндетіміз – осы тәжірибені жүйелеп, нарыққа сапалы қазақтілді коммуникация стандартын ұсыну», – деді Ақсұлу Саңғали.

Форумның тағы бір бағыты өнеркәсіптегі салалық коммуникациялардың ерекшеліктеріне арналды. Ірі өндірістік компаниялардың қызметі мүдделі тараптардың кең ауқымымен тығыз байланысты болғандықтан, мұнда ашықтық, сенім, ESG қағидаттары және бедел тәуекелдерін басқару ерекше мәнге ие екені айтылды.
Ал дәстүрлі PRacticum практикалық блогында нақты коммуникациялық кейстер қарастырылды. Қатысушылар тәжірибеде кездесетін мәселелерді талдап, оларды шешудің ықтимал тәсілдерін саралады.
XIV PR Forum Astana аясындағы пікірталастар коммуникация саласында сенімнің негізгі құндылықтардың біріне айналғанын көрсетті. Саяси PR, қазақтілді контент, өнеркәсіптік коммуникация және беделді басқару бағыттарының барлығында ортақ мәселе – аудиториямен тұрақты әрі ашық байланыс орнату.
Форум спикерлерінің пайымынша, сенім бір реттік ақпараттық науқанның нәтижесі емес. Ол жүйелі әрекет, ашықтық және аудиториямен адал диалог арқылы қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, PR Forum Astana мемлекет, бизнес және медиа өкілдерін бір алаңға жинап, Қазақстандағы коммуникация мәдениетін кәсібилендіруге бағытталған пікір алмасу алаңына айналды.
