1451

«Бедеулікті емдейді»: Қазақстанда қасқырдың кептірілген жыныс мүшесін 100 мың теңгеге дейін сатып жатыр

Әлеуметтік желілердегі сатушылар кептірілген қасқыр мүшесін байлық пен сәттілік әкелетін тұмар ретінде ұсынып, әйелдерге бала сүюге көмектесетінін алға тартқан.

«Бедеулікті емдейді»: Қазақстанда қасқырдың кептірілген жыныс мүшесін 100 мың теңгеге дейін сатып жатыр
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның онлайн сауда алаңдары мен әлеуметтік желілерінде кептірілген қаншық қасқырдың жыныс мүшесін «тұмар» ретінде сататын хабарландырулар пайда болды. Ерекше тауардың бағасы 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін барады. Ал кей сатушылар оның байлық пен сәттілік әкелетінін, тіпті әйелдердің бала сүюіне көмектесетінін айтып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy жазды.

Мәселен, хабарландырулардың бірінде қасқырдың жыныс мүшесі 90 мың теңгеге қойылған. Сатушының сөзінше, мұндай зат жолы болмай жүрген немесе қаржылық қиындыққа тап болған адамның жағдайын өзгертуге көмектеседі. Оның айтуынша, тауарға Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс түседі.

Мұндай түсініктердің тамыры халық арасындағы көне наным-сенімдерге барып тіреледі. Бұрын кептірілген қасқыр мүшесін бойтұмар ретінде пайдаланған деген түсінік бар. Кейбір нанымдарда ол ер адамдарды алыс сапардағы қауіптен қорғайды, ал әйелдерге бала көтеруге көмектесіп, «әйел энергиясын» күшейтеді деп есептелген.

Алайда бұл қасиеттердің ғылыми дәлелі жоқ. Дәлелді медицина тұрғысынан алғанда, қасқырдың немесе өзге жануарлардың дене мүшелері бедеулікті емдей алмайды. Бала сүюге қатысты мәселе туындаған жағдайда мамандар гинекологқа немесе репродуктологқа жүгінуге кеңес береді.

Қасқырдың жыныс мүшесіне қатысты түрлі наным аңшылар арасында да кездеседі. Солардың бірінде өлім алдында тұрған қаншық қасқыр өз жыныс мүшесін зақымдауға тырысады, өйткені оны адамға олжа еткісі келмейді деген түсінік бар. Осыған байланысты кей аңшылар бүлінбеген мүшені сирек кездесетін олжа деп санаған.

Ал мұндай өнімдерді сатудың заңдылығына қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда қасқыр саны реттелуге жататын жануарлар түріне кіреді. Оны атуға халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға келетін залалдың алдын алу және ауыл шаруашылығына келетін зиянды азайту сияқты жағдайларда рұқсат етіледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиісті тәртіппен және қажетті рұқсат негізінде ауланған жануар аңшының олжасы болып саналады. Сондықтан заңды жолмен алынған қасқырдың бөліктері мен туындылары жеке немесе заңды тұлғаның меншігінде болуы және азаматтық-құқықтық мәмілелердің, соның ішінде сатып алу-сату келісімінің нысаны болуы мүмкін.

«Заңда белгіленген тәртіппен ауланған қасқырдың бөліктері мен туындылары жеке немесе заңды тұлғаның меншігінде болуы мүмкін. Олар азаматтық-құқықтық мәмілелердің, оның ішінде сатып алу-сату шартының нысаны бола алады.

Сонымен қатар жануарлардан алынатын өнімдердің айналымына қатысты заң талаптары сақталуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік желіде қасқырдың белгілі бір бөлігінің сатылуы оның заңды жолмен алынғанын білдірмейді. Өнімнің заңды түрде алынуы және оны өткізу кезінде белгіленген талаптардың сақталуы маңызды», – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін Шымкент базарларында қасқырдың жыныс мүшелері әлдеқайда арзан – 2-3 мың теңгеден сатылғаны хабарланған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор