Екі әйелді ұрды деген Данияр Елеусіновтің әйеліне қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалды
Боксшының жұбайына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, екі жәбірленушіге моральдық өтемақы төлеу міндеттелген болатын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы боксшы Данияр Елеусіновтің әйеліне қатысты үкімге берілген апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 27 қаңтарда болған. Кешкі сағат 21:10 шамасында сотталған әйел атасының қорланғанын анықтау үшін екі әйел тұратын пәтерге барған. Сол жерде жанжал туындап, ол жәбірленушілерге дене күшін қолданып, олардың физикалық ауырсынуына себеп болған өзге де зорлық әрекеттерін жасаған.
Бірінші сатыдағы сот әйелді Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 100 АЕК, яғни 432 500 теңге көлемінде айыппұл тағайындалған.
Сонымен қатар сотталған тараптан әр жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Бұған қоса өкіл қызметіне жұмсалған 1 млн теңге шығынды өтеу міндеттелді.
Бірінші инстанция үкімімен келіспеген сотталған әйелдің қорғаушысы апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот алқасы қылмыстық істі қайта қарап, төменгі соттың шешімін өзгертуге негіз таппады.
«Сот алқасы сотталған адамның қорғаушысы берген апелляциялық шағым бойынша қылмыстық істі қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Соттың бірінші сатыдағы үкімі заңды күшіне енді», – деп хабарлады сот.
Айта кетейік, Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты бұл іс 2026 жылдың қысында Қарағандыдағы Майқұдық ауданында болған жанжалдан кейін қозғалған. Кейін сот істі қарап, әйелді кінәлі деп таныған болатын.
Материал авторы