Астанада 27 жастағы әйел 15-қабаттан құлап, төмендегі баланың үстіне түскен
Астанада 2 жасар бала мен әйел қаза тапқан оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 27 жастағы әйел көпқабатты үйдің 15-қабатынан құлап, төменде тұрған екі жасар баланың арбасына түскен. Әйел де, бала да алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан. Полиция қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы KТК телеарнасы жазды.
Оқиға сенбі күні таңертең болған. Көпқабатты үйге қарама-қарсы тұратын Дарын Сабенов отбасымен бірге қатты соққының дыбысынан оянғанын айтты. Артынша көшеден әйелдің жанұшыра айқайлағанын естіген.
Куәгердің айтуынша, ол сыртқа шыққан кезде бала арбасының сынғанын көрген. Алғашында әйелдің неге айқайлағанын түсінбеген. Кейін әйелдің биіктен құлап, арбада отырған балаға түскені белгілі болған. Көмек көрсетуге мүмкіндік болмаған.
Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 27 жастағы әйел тұрғын үйдің 15-қабатындағы терезеден құлаған. Ол оқиға орнында көз жұмған. Әйел құлаған кезде арбада екі жасар бала болған. Бала да алған жарақатынан қайтыс болды.
Қайғылы оқиға балаларды дамыту орталығының дәл кіреберісінде болған. Мекеме әкімшілігі оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алған жазбаны тергеушілерге берген. Алайда оқиға болған сенбі күні орталық жұмыс істемеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, анасы мен баласы бұл жерге кездейсоқ келген болуы мүмкін.
Әйел құлаған пәтер қазір мөрленген. Көршілер оқиға болған таң туралы көп мәлімет айтудан тартынған. Тұрғындардың бірі полиция келгеннен кейін пәтердегі ер адамнан жауап алынғанын көргенін жеткізді.
Оқиғадан кейін үй тұрғындары балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Олар көпқабатты үйдегі бірқатар мәселеге назар аударуды талап етіп, тиісті орындарға өтініш білдіре бастаған.
Тұрғындардың сөзінше, үй маңындағы кейбір жолдармен бала арбасын алып жүру қиын. Сонымен қатар олар ғимараттағы лаундж-барға қатысты да алаңдаушылық білдіріп, оны жабуды талап етіп, қол жинап жатыр. Тұрғындар бұл нысан маңында есірткі қолданылуы мүмкін деген күдіктерін айтқан. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Полиция қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында әйелдің 15-қабаттан құлау себебі, сондай-ақ баланың қаза болуына әкелген жағдайлар толық анықталуы тиіс.
Материал авторы