Іші өтіп кетсе де жарысты тоқтатпаған спортшының жеңісі дау туғызды
Қатысушылар ластанған спорттық құралдарды пайдалануға мәжбүр болғанын айтып, жарыстағы санитарлық талаптарға қатысты мәселе көтерді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, аустралиялық HYROX спортшысы, әлем рекордшысы Йоанна Ветшик Бейжіңдегі жарыстағы әрекеті үшін сынға ұшырады. 20 жастағы атлет жарыс кезінде денсаулығы сыр беріп, ішек-қарын қызметі бұзылғанына қарамастан, бәсекені тоқтатпай, мәреге бірінші болып жеткен.
Мельбурн тұрғыны Йоанна Ветшик HYROX-тағы ең мықты жас спортшылардың бірі саналады. Ол биыл сәуірде Варшавада әйелдер арасындағы жекелей сында 54 минут 25 секунд нәтиже көрсетіп, әлем рекордын жаңартқан.
Бейжіңдегі додада спортшы 16-24 жас аралығындағы элиталық санатта бақ сынады. Ол жарысты 1 сағат 1 минут 23 секундта аяқтап, алтын медаль иеленді.
Алайда жарыс барысында атлеттің денсаулығы күрт нашарлаған. Соған қарамастан Ветшик бәсекені тоқтатпаған. Салдарынан оның киімі мен денесі ғана емес, жарыс кезінде ортақ пайдаланылатын кейбір спорттық құралдар да ластанған.
Мәреге жеткеннен кейін спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында тамыр арқылы медициналық көмек алып жатқан сәтінің суретін жариялаған. Кейін бұл жазбасын өшіріп тастаған. Өз жазбасында ол қиындыққа қарамастан жарысты соңына дейін жеткізгенін айтып, қолдау білдіргендерге алғыс айтқан.
Осы оқиғадан кейін HYROX қауымдастығында қызу пікірталас басталды. Кейбір спортшылар ластанған жүгіру жолағы мен жаттығу құралдарын пайдалануға мәжбүр болғанын айтып, мәселенің тек спорттық бәсекемен шектелмейтінін жеткізді.
Қатысушылар бұл жағдай санитарлық талаптар мен басқа спортшылардың денсаулығына қатысты сұрақ туғызатынын атап өтті.
HYROX ережесінде түкіру, майлықсыз сіңбіру немесе қоқыс тастау сияқты әрекеттер үшін спортшыға қосымша уақыт жазасы қарастырылған. Алайда бұл жағдайда төрешілер жарысты тоқтатпаған.
Спортшы Бенджамин Амсаллем болған жағдайды басқа қатысушыларға құрметсіздік деп бағалады.
Ал Исайя Кинг жарыс барысында қатысушылардың дәретханаға баруына мүмкіндік бар екенін еске салды. Оның айтуынша, спортшыларда нәтижені бақылауға арналған арнайы құрылғы болғандықтан, жарысты уақытша тоқтатып, кейін жалғастыруға болатын еді.
Тағы бір спортшы Геррод Гейнс те жарыс тәртібін қайта қарау қажеттігін айтқан. Оның пікірінше, Ветшик қысқа үзіліс жасап, кейін жарысқа қайта қосылған жағдайда да жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары болған.
Әлеуметтік желідегі пікірлер де екіге бөлінді. Бір тарап спортшының төзімділігі мен жеңіске деген жігерін жоғары бағаласа, екінші тарап мұндай жағдайда жарысты жалғастыруды санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс емес деп санады.
Оқиғадан кейін HYROX ұйымдастырушылары ластанған спорттық жабдықтардың бірден пайдаланудан алынғанын хабарлады. Жарыс жолының тиісті бөліктері жабылып, аумақ толық залалсыздандырылған. Сонымен қатар келесі жарыс күніне дейін кілем жабындысын толығымен ауыстыру жоспарланған.
HYROX — жүгіру мен функционалдық жаттығуларды біріктіретін халықаралық жарыс форматы. Қатысушылар жалпы сегіз шақырым жүгіріп, әрбір шақырымнан кейін түрлі күш жаттығуларын орындайды. Бағдарламада ескек есу тренажері, ауыр шананы итеру және тарту, берпи, гір көтеріп жүру, ауыр қаппен адымдау және медициналық доп лақтыру секілді тапсырмалар бар.
Жоғары қарқындағы физикалық жүктеме кезінде спортшылардың ағзасына айтарлықтай салмақ түседі. Мұндай жарыстарда асқазан-ішек жолы қызметінің бұзылуы да кездесуі мүмкін.
Материал авторы