1368

Астанада «көңіл көтеретін газ» қолданған стример қыз жазаланды

Даулы трансляцияны шамамен 1300 адам көрген, олардың арасында кәмелетке толмағандар да болған.

Астанада «көңіл көтеретін газ» қолданған стример қыз жазаланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада тікелей эфир кезінде азот тотығын, яғни «көңіл көтеретін газды» қолданған, көрермендерді балағаттап, әдепсіз сөздер айтқан стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынған. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде стримердің таңертеңгі тікелей эфирі тараған. Трансляцияны шамамен 1300 адам көрген. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да болған.

Эфир барысында стример азот тотығын қолданып, балағат сөздер айтып, көрермендерді қорлаған.

Полиция стримерді анықтады

Видео әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін полиция эфирге шыққан адамның кім екенін анықтаған.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оның жасы 27-де, Алматы облысының тумасы. Әйелдің аты-жөні Маржан Әділбек екені хабарланды.

Полицияның мәліметінше, тікелей эфир кезінде стример елордадағы мекемелердің бірінде болған.

«Тікелей эфир барысында әйел қаланың мекемелерінің бірінде болып, «көңіл көтеретін газ» деп аталатын затты қолданған. Азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынды», — деп хабарлады елордалық полиция.

Мекемеге де қатысты тексеру басталды

Полиция оқиға болған мекемеге қатысты да тексеру жүргізіп жатыр.

Құқық қорғау органдары эфир кезінде қолданылған затқа байланысты құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Полиция қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, агрессивті мінез-құлық таныту және бейәдеп сөздер айту заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Материал авторы