2299

«Оған не істеп қойдым?»: Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды

Еркебұлан Тоқтар олимпиада чемпионының өзіне неге ренжігенін түсінбейтінін айтып, кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

«Оған не істеп қойдым?»: Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов актер әрі жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтарға ашық түрде жекпе-жекке шығуды ұсынды. Тоқтар да шақыруды қабылдап, боксшымен спаррингке де, ресми кездесуге де дайын екенін айтты. 

Елеусінов Instagram парақшасында Еркебұлан Тоқтарды белгілеп, оған қатысты пікір қалдырған.

«Олимпиада чемпионы біреуден нашармын деп ойлайтын осы хайпшыны маған беріңдер. Half round», – деп жазды боксшы. Осылайша ол қарсыласын жарты раундта-ақ жеңуге дайын екенін аңғартқан.

Елеусіновтің жазбасын көрген Тоқтар оған видео арқылы жауап берді. Актер олимпиада чемпионының өзіне неге сонша назар аударып жүргенін түсінбейтінін әзілмен жеткізді.

«Мен бұл бауырыма не істеп қойғанымды білмеймін. Бірақ ол сұхбаттарының бірнешеуінде мені ұратынын айтып жүр», – деді Тоқтар.

Оның айтуынша, Елеусінов оны басқа біреумен шатастырып алуы да мүмкін. Дегенмен актер олимпиада чемпионымен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

«Ол – олимпиада чемпионы. Менің деңгейіме түсіп, менімен бокс жасайтын адам емес. Бірақ, Даке, мені принцип бойынша ұрғыңыз келсе, залға келіп, спаррингте ұра аласыз. Мен үшін бұл намыс емес. Оның үстіне ол – олимпиада чемпионы, қазақ», – деді Тоқтар.

Актер егер жекпе-жекті көпшіліктің алдында өткізгісі келсе, онда бұл үшін промоутерлерге жүгініп, ресми кездесу ұйымдастыруға болатынын әзілмен айтты.

«Егер бүкіл елдің алдында ұрғыңыз келсе, промоутерлерге хабарласып, жекпе-жекке ақша төлеңіз. Мен сізге қарсы тұрып көруге тырысамын», – деді ол.

Бұған дейін Данияр Елеусінов алкогольге қатысты проблемалары туралы ашық айтқан болатын. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор