756

«Айбалта-2026»: әскери бөлімдер ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығуға кірісті

Оқу-жаттығу аяқталған соң әскерлердің дайындығы бағаланып, жауынгерлік әзірлікті арттырудың жаңа бағыттары белгіленеді.

«Айбалта-2026»: әскери бөлімдер ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығуға кірісті
gov.kz

Қарағанды гарнизонында «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Жаттығу «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының полигонында өтіп жатыр.

Оқу-жаттығуға «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдері қатысуда. Ауқымды шараға 600-ге жуық әскери қызметші және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.

Негізгі мақсат – әскерлердің қойылған міндеттерді орындауға әзірлігін тексеру, командирлер мен штабтардың жоспарлау және шешім қабылдау қабілетін жетілдіру, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.

Жаттығу барысында штабтар әскерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелерін пысықтайды. Сонымен қатар жағдай өзгерген кезде басқарудың тұрақтылығын сақтау дағдылары тексеріледі.

Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы пайдаланып, қазіргі заманғы қарулы күрестің даму үрдістерін ескере отырып әзірленген оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін орындайды.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы, полковник Қанат Жәнкеевтің айтуынша, «Айбалта-2026» республика аумағында өткізіліп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бір кезеңі саналады.

«Оның барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін, басқару органдарының үйлесімділігін және әскерлердің шынайы жағдайға барынша жақын ортада тиімді әрекет ету қабілетін тексереміз», – деді Қанат Жәнкеев.

Оқу-жаттығу қорытындысында басқару органдары мен әскерлердің әзірлік деңгейі бағаланып, жауынгерлік даярлықты одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалады.