1033

Шымкентте күрестен Қазақстан чемпионы токқа түсіп қаза тапты

Есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан чемпионы болған Әділ Тілектес кәсіпорында жұмыс істеп жүріп қаза тапқан.

Шымкентте күрестен Қазақстан чемпионы токқа түсіп қаза тапты
Sportbugin.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында күрестен Қазақстан чемпионы болған 28 жастағы Әділ Тілектес өндірістегі қайғылы оқиғадан қаза тапты. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Қайғылы жағдай 12 қыркүйекте қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында болған. Әлеуметтік желіде спортшының досы таратқан ақпаратқа сәйкес, Әділ Тілектес керамикалық плитка өндіретін зауытта жұмыс істеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмыс кезінде спортшы электр сымына абайсызда тиіп кеткен. Электр тогының әсерінен ол биіктіктен құлаған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қала алмаған.

Шымкент қаласының полиция департаменті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында жұмысшының қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

«Қаламыздағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс атқару кезінде электр тогының соғуынан ауыр жарақат алып, қаза болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Әділ Тілектес 1998 жылы дүниеге келген. Ол еркін және грек-рим күресімен айналысып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы жарыстарға қатысқан.

2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан Республикасының II спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінен чемпион атанды. Ал 2019 жылы Қостанайда өткен ересектер арасындағы командалық Қазақстан чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта бірінші орын алған.

Спортшы республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болған.

Әділ Тілектестің артында жары мен екі баласы қалды.

Материал авторы