Алматыда Bek Air әуе компаниясының иесі Нұрлан Жұмасұлтанов қамауға алынды
Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына ұрланған қозғалтқыш орнатылғаны анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда атышулы Bek Air әуе компаниясының нақты иесі Нұрлан Жұмасұлтанов қамауға алынды. Оған аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Kozachkov offside Telegram арнасы жазды.
Тергеу сотының 9 қыркүйектегі шешімімен Жұмасұлтанов екі айға қамауға алынған. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Аталған бап аса ірі көлемдегі ұрлыққа қатысты және бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Іс бойынша тағы бір күдікті үйқамаққа жіберілген.
Бұл іс Алматы әуежайы аумағында сақталған Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына қатысты бұрынғы тергеумен байланысты. Оқиғаға қатысты маңызды дерек 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін анықталған.
Сол күні әуе компаниясының лайнері салынып жатқан ғимаратқа соғылып, салдарынан 13 адам қаза тапқан еді. Кейін жүргізілген сараптама барысында апатқа ұшыраған ұшаққа орнатылған қозғалтқыштардың бірінің бұрын жоғалған агрегат екені анықталған. Мамандар оны зауыттық нөмірі арқылы сәйкестендірген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қозғалтқыш консервацияда тұрған ұшақтан алынып, кейін коммерциялық мақсатта пайдаланылған Bek Air лайнеріне орнатылған.
Істі бастапқыда Көліктегі полиция департаменті тергеген. Кейін материалдар Бас көлік прокуратурасының шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген.
Құқық қорғау органдары қозғалтқыштың жоғалуына Bek Air компаниясының басшылығы мен иелерінің ықтимал қатысын тексере бастаған. Осыдан кейін Нұрлан Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылып, кейін ұсталған.
Материал авторы