Жүргізуші куәлігі үшін кезек көбейді: депутаттар жеке автодромдарды тартуды ұсынды
Депутаттардың айтуынша, кей азаматтар жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін бірнеше ай күтуге мәжбүр болып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру мәселесіне қатысты депутаттар жаңа ұсыныстарын жариялады. «Ақ жол» фракциясы емтиханға жазылу кезінде қалыптасатын ұзын-сонар кезекті қысқартып, азаматтар үшін бос орындардың қолжетімділігін арттыру қажет деп санайды.
Бұл туралы «Ақ жол» ҚДП фракциясы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутаттардың айтуынша, азаматтар мен автомектептерден Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсыру үшін ұзақ күтуге тура келетіні туралы шағымдар түсіп жатыр. Кей жағдайларда кезек алты айға дейін созылады деген мәлімет бар. Бос орындар қысқа уақытта таусылып, жазылу тәртібінің ашықтығына қатысты сұрақтар туындайды.
Фракция өкілдері мұндай жағдайда ақылы делдалдардың пайда болу қаупі артатынын айтып, мәселені тек қазіргі мемлекеттік инфрақұрылым арқылы шешу жеткіліксіз деп есептейді.
Депутаттар алдымен теориялық емтиханға жазылу жүйесін жетілдіруді ұсынды. Ол үшін мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Сонымен қатар теориялық емтихан қабылдайтын қосымша алаңдарды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелері базасында ашу ұсынылды.
Практикалық емтиханға қатысты мәселе бұдан да өзекті екені депутаттық сауалда атап өтілген. Қазір практикалық емтихандар негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында қабылданады. Депутаттар бұл бағытта жеке сектордың мүмкіндігін пайдалануды ұсынды.
Олардың ұсынысы бойынша, бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастырушылық талаптарға сай келетін жеке автодромдарды аккредиттеп, оларды практикалық емтихан қабылдауға тартуға болады. Осындай тәсілді теориялық емтихан өткізуге де қолдану ұсынылып отыр.
Бұл ретте барлық емтихан қабылдау орындарына қойылатын талаптар бірдей болуы керек. Атап айтқанда, емтихан өткізу тәртібі, бағалау критерийлері, бейнебақылау және нәтижелерді ақпараттық жүйеге енгізу талаптары бірыңғай стандартпен реттелуі қажет.
Депутаттар емтиханға жазылу кезінде делдалдардың қызметін шектеу үшін жазылуды тек eGov және eGov Mobile платформалары арқылы жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ бос орындарды автоматты түрде әрі ашық бөлетін қорғалған тетікті енгізу қажет деп санайды.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметке мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын ұзарту, емтихан қабылдау орындарын көбейту, талапқа сай жеке ұйымдар мен автодромдарды аккредиттеу және емтиханға жазылу жүйесін цифрландыру мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Депутаттардың пікірінше, бұл шаралар емтихан тапсыруға қолжетімділікті арттырып, мемлекеттік инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға және кезек мәселесін шешуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Материал авторы