Құрылтай депутаты: Әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихы бұрмаланып таралып жатыр
Депутат Үкіметтен тарихи жалған ақпаратқа жедел жауап беретін жүйе құруды сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихына қатысты күмәнді және бұрмаланған ақпараттың жылдам таралуы ұлттық тарихи сананы қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутат Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезім мен тарихи жадты нығайтудың маңызын атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, тарихи шындыққа объективті көзқарас ұлттық сананың берік негіздерінің бірі болуы тиіс.
Қазір тарихи түсінік тек мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы күшейіп, әсіресе жастар ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube арқылы жиі тұтынатын болды. Осыған байланысты Қазақстан тарихына қатысты контенттің қайдан алынатыны, қаншалықты нақты екені және қоғамға қандай форматта ұсынылатыны маңызды.
Шолпан Каринова әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді мәліметтердің тез тарайтынын айтып, оған кәсіби әрі жедел жауап беретін жүйелі механизм қажет екенін жеткізді.
Депутат бұл мәселенің ақпараттық саясаттың өзге бағыттарына да қатысы бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, елде атқарылып жатқан маңызды жұмыстар туралы азаматтардың барлығы бірдей толық ақпарат ала бермейді. Мұнда мәселе жүргізіліп жатқан жұмыстың өзінде емес, оның мақсаты мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде болып отыр.
Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық саясат тек бастамаларды жариялаумен шектелмей, олардың мәнін түсіндіруге де бағытталуы керек. Депутат қоғамға реформалардың мақсатын, нәтижесін және ықпалын ұғынықты түрде жеткізетін журналистикаға сұраныс бар екенін айтты.
Шолпан Каринова Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе құру қажеттігін атап өтті.
Сауалда тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау, әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихын түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске қосу және тарихи тақырыптағы жалған не бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру ұсынылды.
Материал авторы