1108

Астанада автобус жүргізушісі жолаушыны есікпен қысып, барлық адамды көліктен түсіріп кеткен

Жолаушы жұбайы мен балаларын күтіп, автобус есігін ұстап тұрған кезде жүргізуші оған агрессия танытқан.

Астанада автобус жүргізушісі жолаушыны есікпен қысып, барлық адамды көліктен түсіріп кеткен
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада №43 автобус жүргізушісі жұбайы мен балаларын күтіп, есікті ұстап тұрған жолаушымен жанжалдасып, салондағы барлық адамды көліктен түсіріп кеткен. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп, 51 жастағы жүргізушіге әкімшілік іс қозғады.

Оқиға жолаушылар автобусқа мінуге талпынған кезде болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам жұбайы мен балалары да үлгеріп мінуі үшін автобус есігін ұстап тұрған. Алайда жүргізуші есікті жапқан кезде ер адам қысылып қалған, ал оның балалары көлікке кіріп үлгермеген.

Жолаушылар жүргізушіге ескерту жасағаннан кейін жағдай ушыққан. Полицияның мәліметінше, жүргізуші жолаушыға балағат сөздер айтып, агрессия танытқан. Жанжалдың физикалық қақтығысқа ұласу қаупі болған.

Осыдан кейін жүргізуші автобустағы барлық жолаушыдан салоннан шығуды талап етіп, өзі оқиға орнынан кетіп қалған.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында жанжалдың жолаушы автобус есігін отбасы мүшелері үлгеріп мінуі үшін ұстап тұрған кезде басталғаны анықталған.

Полиция қызметкерлері 51 жастағы жүргізушіні анықтап, ұстады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, жинақталған материалдар сотқа жолданды.

Сонымен қатар жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қоғамдық орындарда өзін ұстау нормаларын сақтау және мұндай жағдайларға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Полиция тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, жанжал кезінде балағат сөздер мен агрессияға жол бермеуге шақырды.

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор