«Үйде де, аулада да ұстамайды»: Арыс ауылындағы жұрт интернет үшін көрші ауылға барады
Саналы ауылының тұрғындары тұрақты ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізу үшін көрші елді мекенге қатынауға мәжбүр болып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округіндегі Саналы ауылының тұрғындары тұрақты мобильді байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай отыр. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей, жұрт интернет пайдалану үшін көрші елді мекенге баруға мәжбүр. Бұл туралы Kazinform жазды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ұялы байланыс үйдің ішінде ғана емес, көшеде де дұрыс ұстамайды. Интернетке қосылу үшін ауылдан шамамен бес шақырым жердегі елді мекенге шығуға тура келеді.
Байланыс мәселесі оқушыларға да айтарлықтай қиындық келтіріп отыр. Интернеттің тұрақсыздығынан онлайн тестілеу платформалары ашылмай, балалардың сабаққа дайындалуына кедергі келетін жағдайлар болған. Тұрғындардың сөзінше, кейбір түлектер интернет мәселесіне байланысты грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылып, оқуын ақылы негізде жалғастыруға мәжбүр болған.
Арыс әкімдігінің мәліметінше, мәселені Саналыдан бөлек Дермене және Шағыр ауылдарында да шешу жоспарланған. Бұл елді мекендерге жаңа базалық станциялар орнатылып жатыр.
Әкімдікке тұрғындар тарапынан интернет жылдамдығы мен байланыс сапасына қатысты шағым жыл басында Арыс әкімі Қайсар Маңғараевпен кездесуде айтылған. Осыдан кейін жағдай зерттеліп, облыстық цифрландыру басқармасы мен мобильді байланыс операторларымен бірлесіп, үш ауылға базалық станция орнату туралы шешім қабылданған.
Жаңа жабдықтарды орнату жұмыстарын «Kcell» АҚ жүргізіп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары мен жылдам мобильді интернетті іске қосуды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Материал авторы