Енді халыққа «Отбасы банктегі» зейнетақы жинағын 6 жылдан кейін қайтарудың қажеті жоқ
Бұған дейін тұрғын үй сатып алуға үлгермеген салымшылардың зейнетақы қаражаты алты жылдан кейін БЖЗҚ-ға қайтарылатын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін «Отбасы банктегі» тұрғын үй депозитіне аударған жағдайда, енді қаражатты алты жылдан кейін БЖЗҚ-ға қайтаруға міндетті емес. Банк осы талаптың жойылғанын хабарлады. Бұл туралы «Отбасы банк» жазды.
Бұған дейін қолданыстағы тәртіп бойынша салымшы БЖЗҚ-дан аударылған қаражатты пайдаланып, алты жыл ішінде тұрғын үй мәселесін шешуі тиіс еді. Егер белгіленген мерзімде үй алынбаса, зейнетақы жинағы азаматтың зейнетақы шотына автоматты түрде қайтарылатын.
Енгізілген өзгерістерден кейін бұл мерзімдік шектеу алынып тасталды. Яғни зейнетақы қаражаты тұрғын үй депозитінде алты жылдан кейін де қала береді және оны БЖЗҚ-ға кері аударудың қажеті жоқ.
Дегенмен банк бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, соның ішінде ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна төлеуге пайдалануды ұсынады.
Сонымен бірге зейнетақы қаражатын пайдалану тәртібінің өзге талаптары сақталады. Салымшы бұл ақшаны депозиттен қолма-қол шеше алмайды немесе банк картасына аудара алмайды.
Ал депозит мерзімінен бұрын жабылған жағдайда, ондағы зейнетақы жинағы толық көлемде БЖЗҚ-ға қайтарылады. Мұндай жағдайда салымшы мемлекет төлейтін сыйлықақыдан да айырылуы мүмкін.
Материал авторы