Шымкенттегі зауытта қаза тапқан спортшының жақындары қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты
Марқұм чемпион спорттағы жолын жалғастыра отырып, отбасын асырау үшін зауытқа жұмысқа орналасқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкенттегі өндіріс орындарының бірінде қаза тапқан 28 жастағы спортшы Әділ Тілектестің жақындары қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Олардың сөзінше, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы отбасын асырау үшін зауытта жұмыс істеген.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға демалыс күні болған. Әділді әпкелері жұмыстан алып кетуге барған. Олар өндіріс аумағында спортшының ауыр жағдайға тап болғанын сол жерде білген.
Марқұмның әпкесі Мөлдір Тілектес бауырының өндірісте электр тогының соғуынан жарақат алғанын айтып, кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігінің қаншалықты сақталғанын анықтау қажет екенін жеткізді.
«Техникалық қауіпсіздік қаншалықты сақталған-сақталмағанын анықтау керек», – деді ол.
Әділ Тілектес есту қабілеті төмен спортшылар арасында Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда қорғаған. Ол грек-рим күресінен ел чемпионы атанған.
Спортшы табысты болғанына қарамастан, отбасын қамтамасыз ету үшін зауытқа жұмысқа орналасқан. Алайда жаттығуын тоқтатпаған. Жұбайы Анжела Тұрғаналиеваның айтуынша, Әділ кешкі уақытқа дейін жұмыс істеп, кейін жаттығуға баратын.
«Спорттан бас жүлделі орындар алсам, үй аламын деп ниет қылып, спортын тастамаған. Кешке жетіге дейін жұмыс істейді. Сағат тоғыз-ондарда жаттығуға барып түнде келетін», – деді ол.
Зауыт өкілдерімен байланысу мүмкін болмаған. Марқұмның жақындарының айтуынша, кәсіпорын басшылығы отбасыға көмек көрсететінін жеткізген.
Шымкент қаласының полиция департаменті жұмысшының өндірісте қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс кезінде электр тогының соғуынан өлімге әкелген жарақат алған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Әділ Тілектестің артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі ұлы қалды. Үлкен баласы төрт жаста болса, кішісі небәрі сегіз айлық. Жас отбасы пәтер жалдап тұрған.
Марқұмның жақындары өндірістегі еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты мәселе жан-жақты тексеріліп, тергеу нәтижесінде кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуын талап етеді.
Материал авторы