1580

Астанада бейтаныс ер адам бөтен пәтерге кіріп, балалардың жанына жатып алған

Оқиға кезінде үйде алты, төрт және екі жастағы үш бала болған, ал олардың әкесі пәтерге келгенде бейтаныс адамды көрген.

Астанада бейтаныс ер адам бөтен пәтерге кіріп, балалардың жанына жатып алған
iStock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бейтаныс ер адам бөтен пәтерге кіріп, үйде жатқан үш баланың жанына жатып алған. Оқиға кезінде балалардың әкесі үйге келіп, ер адамды анықтаған. 

Оқиға 2 қыркүйекте болған. Пәтерде алты, төрт және екі жастағы үш бала болған. Балалардың анасы таңғы сағат 10:35 шамасында жұмысқа кеткен. Сол кезде балалар ұйықтап жатқан.

Шамамен сағат 11:00-де олардың әкесі үйге келген. Пәтер есігінің тұсынан бөтен аяқ киімді көріп, есік тұтқасының сынғанын байқаған. Үйге кіргенде ол пәтерде бейтаныс ер адамның жатқанын көрген.

Оқиға туралы әлеуметтік желіде жазған әйелдің мәліметінше, үйге кірген адам балалардың жанында ұйықтап жатқан. Балалардың әкесі оны алдымен тыныш оятып, үйден шығарып жіберуге тырысқан. Алайда ер адам оған шабуыл жасаған. Соның салдарынан балалардың әкесі жарақат алған.

Оқиға балалардың көз алдында болған. Олар қорқып, жылай бастаған. Дауысқа көршілер келіп, балаларды өз үйлеріне алып кеткен және полиция шақырған.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, пәтерде бөгде адамның болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.

«Алдын ала анықталғандай, ер адам алкогольдік мас күйде көрші пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді полиция.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор