«Бұл дерттен арылуға бел будым»: Данияр Елеусінов кешірім сұрады
Олимпиада чемпионы ем қабылдап жатқанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов ем қабылдап жатқанын айтып, әлеуметтік желіде өз сөздерімен біреуді ренжіткен болса, кешірім сұрады.
Спортшы Instagram Stories арқылы қазіргі уақытта кешенді ем қабылдай бастағанын хабарлады. Оның айтуынша, ем тек тамырға дәрі жіберумен шектелмейді, толық медициналық көмек алып жатыр.
«Қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі жіберу емес, жалпы кешенді ем алып жатырмын. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сондықтан кейбір әрекеттеріме мән бермеңіздер. Мүмкін, біреуді ренжіткен шығармын, артық сөздер айтқан шығармын. Кімнің басынан өтпейді?» – деді Данияр Елеусінов.
Боксшы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерге жиі шығатынын «жаман әдет» деп атап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтты.
«Мен бұл дерттен арылуға байыппен бел будым. Жақында сапқа қайта қосылып, бұрынғыдай көңілді Данияр болып ораламын. Бақытты Данияр қайта келеді», – деді ол.
Бұған дейін Елеусінов актер әрі жекпе-жек спортшысы Еркебұлан Тоқтарды сынап, оны жекпе-жекке шақырған. Тоқтар бұл ұсынысты қабылдағаннан кейін екі спортшы арасында әлеуметтік желіде пікірталас болған.
Данияр Елеусінов бұған дейін ішімдікке байланысты мәселесі туралы да ашық айтқан. Оның сөзінше, бұл проблема Олимпиада ойындарынан кейін пайда болып, уақыт өте келе күрделі мәселеге айналған.
Материал авторы