3035

Бишімбаев ісімен танылған Айжан Аймағанова Құрылтайдағы жұмысы туралы айтты

Құрылтай депутаты алғашқы екі аптада заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысып, азаматтардың өтініштерін қабылдағанын айтты.

Бишімбаев ісімен танылған Айжан Аймағанова Құрылтайдағы жұмысы туралы айтты
instagram.com/aimaganova_a

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова жаңа қызметіндегі алғашқы екі аптасының нәтижелері туралы айтып, атқарған жұмысына тоқталды.

Айжан Аймағанова Құрылтай депутаты ретінде жұмысын екі апта бұрын бастаған. Қазір ол Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің құрамында еңбек етіп жатыр.

Осы уақыт аралығында депутат заң жобаларының біріне қатысты жұмыс тобының отырысын өткізген. Сонымен қатар бірнеше заң жобасы бойынша жұмыс істейтін өзге жұмыс топтарының құрамына қатысып жүр.

Аймағанованың айтуынша, алғашқы екі аптада ол шамамен 18 азаматты жеке қабылдаған. Кездесулер барысында тұрғындардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың өтініштерімен жұмысты жалғастырып келеді.

Депутат әлеуметтік желідегі жазбасында осы жылдар ішінде азаматтар мен журналистер тарапынан қолдау сезінгенін айтып, оған сенім білдіргендерге алғыс білдірді.

Алдағы жұмыс жоспарына тоқталған Айжан Аймағанова алдында әлі көптеген міндет тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, ең маңыздысы – халықтың өзіне артқан сенімін ақтау.

Айжан Аймағанова бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылардың бірі ретінде көпшілікке танылған. Кейін ол «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енді. Партияның жарияланған тізімінде Аймағанованың аты-жөні де бар.

Материал авторы