Air Astana жолаушысы ұшақ бортында 3400 доллары жоғалғанын мәлімдеді
Жолаушы сол рейспен ұшқан куәгерлер күдікті адамның сипаттамасын бергенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Air Astana әуе компаниясының жолаушысы Алматыдан Данангқа ұшқаннан кейін қол жүгінен 3400 АҚШ доллары жоғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ақша салынған конверттің орнына сөмкеден Малавидің бір долларлық банкноттары шыққан.
Анна Магнели Тбилисиден Алматы арқылы Вьетнамның Дананг қаласына барған. Әйелдің сөзінше, 3400 доллар қол жүгінің ішінде тұрған конвертте болған. Ақшаның жоғалғанын ол Данангтағы қонақүйге орналасқаннан кейін байқаған.
Жолаушы әлеуметтік желідегі үндеуінде жоғалған қаражат отбасының Вьетнамға қоныс аудару үшін алып келген негізгі ақшасы болғанын айтты.
«Алматы–Дананг рейсінен кейін біз 3400 долларымыздың жоғалғанын анықтадық. Бұл Тбилисиден Вьетнамға көшіп келу үшін өзімізбен бірге алып келген ақшамыздың басым бөлігі еді», – деді ол.
Анна Магнелидің айтуынша, отбасы Air Astana-ға, әуежайдың қауіпсіздік қызметіне және Дананг полициясына хабарласқан. Сонымен қатар сол рейспен ұшқан кейбір жолаушылар күдікті адамға қатысты мәлімет берген.
Алайда әйел полицияға арыз беру кезінде аудармашы мәселесі туындағанын айтып, Данангта тұратын орыс-вьетнам тілдеріндегі аудармашылардан көмек сұрады.
Air Astana жолаушыға берген жауабында болған жағдайға байланысты өкініш білдірді. Әуе компаниясы багаж ішіндегі заттардың ұрлануына қатысты тергеу жүргізу құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретінін атап өтті.
Компанияның мәліметінше, кінәлі адамдарды анықтау, оларды жауапқа тарту және келтірілген шығынды өтеу мәселесі бойынша жолаушы құқық қорғау органдарына ресми түрде жүгінуі қажет.
Материал авторы