1673

Ертісте қайық апатынан кейін жоғалған ер адамның денесі табылды

1983 жылы туған ер адам 12 қыркүйекте Жанауыл ауылы маңында бес адам мінген қайық аударылғаннан кейін із-түзсіз кеткен.

Ертісте қайық апатынан кейін жоғалған ер адамның денесі табылды
Павлодар облыстық ТЖД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында 12 қыркүйекте қайық аударылғаннан кейін жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылған.

Оқиға Жанауыл ауылы маңында болған. Алюминий қайықта бес адам отырған. Қайық аударылған кезде төрт адам өз бетімен жағаға шыққан. Ал 1983 жылы туған ер адам сол сәттен бастап хабарсыз кеткен.

Жоғалған азаматты іздеуге құтқарушылар, ТЖД қызметкерлері, оның туыстары мен еріктілерден бірнеше топ жұмылдырылды. Сонымен қатар іздеу жұмыстарының барысын үйлестіретін жедел штаб құрылды.

Мамандар Ертістің оқиға болған деген аумағынан бастап, өзеннің ағысы бойымен төмен қарай учаскелерді тексерді. Сүңгуірлер суға 28 рет түсіп, эхолоттың көмегімен өзен түбінің 38,5 мың шаршы метр аумағын зерттеді.

Құтқарушылар Ертістің оң және сол жағалауларын жоғары және төмен бағытта жалпы 272 шақырым бойы тексерді. Бұдан бөлек, алты жердегі суға құлаған ағаштар арасын қарап шықты. Оң жағалаудың тағы 93 шақырымы жаяу зерттелді.

Іздеу жұмыстары нәтижесінде ер адамның денесі оқиға болған жерден төрт шақырым қашықтықтан табылды. Осыдан кейін іздеу операциясы аяқталды.

Павлодар облысының ТЖД тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, қайықпен жүргенде құтқару кеудешесін пайдалануды ескертті. Сондай-ақ ауа райы қолайсыз болған жағдайда су айдындарына шықпауға шақырды.

Материал авторы