Жұмыс бар, маман керек: Еңбек адамының беделі қалай қалыптасады?
Еңбек нарығында маманға деген қажеттілік пен сол мамандықтың қоғамдағы тартымдылығы әрдайым қатар жүрмейді. Экономика белгілі бір кәсіп иелеріне мұқтаж болуы мүмкін, бірақ бұл олардың жастар үшін автоматты түрде қалаулы кәсіби таңдауына айналады дегенді білдірмейді. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін кадр тапшылығымен ғана емес, адамдардың мамандықты қалай таңдайтыны және белгілі бір кәсіпте неге қалатыны арқылы да бағалауға болады.
Елімізде жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Соған қарамастан, бұл кәсіптердің қоғамдағы беделі еңбек нарығындағы қажеттілігімен үнемі сәйкес келе бермейді. Мамандықтың тартымдылығына жалақыдан бөлек еңбек жағдайы, кәсіби өсу мүмкіндігі, басқару мәдениеті және қоғамның еңбекке деген көзқарасы әсер етеді.
Бұл айырмашылықты Астананың күнделікті тіршілігінен де көруге болады. Қаладағы көлік, коммуналдық қызмет, құрылыс, энергетика және басқа да салалардың тұрақты жұмысы нақты кәсіп иелеріне тәуелді. Алайда олардың еңбегі көбіне қалыпты жұмыс істеп тұрған жүйенің ішінде көзге түсе бермейді.
Аты-жөнін атауды қаламаған 42 жастағы кейіпкеріміздің жұмысы да сондай. Ол Астанадағы коммуналдық кәсіпорындардың бірінде арнайы техниканың жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бұл салада жүргеніне он бір жыл болған. Оның жұмыс күні таңғы 04:45-те басталады. Кәсіпорынға келген соң бірден техникасын тексереді: майын, дөңгелегін, жанармайын қарайды, қыста аккумуляторға ерекше мән береді. Осы тексеруден кейін ғана бағытқа шығады.
«Жүргізуші тек рөл ұстап отырады деп ойлайды ғой жұрт. Негізі техниканы тыңдап отырасың. Машинаның өз мінезі болады. Қай жері дұрыс емес екенін кейде дыбысынан-ақ сезесің», - дейді кейіпкеріміз.
Қарағанды облысында туып-өскен ол тоғызыншы сыныптан кейін жұмыс істеген. Жүргізуші куәлігін алған соң әртүрлі көлік айдап, 17 жыл бұрын Астанаға көшіп келген. Коммуналдық кәсіпорындағы жұмысына алғаш келгенде оны тұрақты өмірлік жоспар деп қарамаған. «Уақытша істей тұрамын» деген ой болған. Уақытша жұмыс он бір жылға созылды.
Еңбек туралы әңгіме басталғанда біз көбіне оның қадірі туралы айтамыз. Бірақ күнделікті өмірде адамның еңбегін қалай бағалайтынымызды мамандық таңдаудан-ақ көруге болады. Қандай кәсіпті «жақсы қызмет» деп санаймыз? Баламыздың болашағын жоспарлағанда қай мамандықтарды бірінші орынға қоямыз? Дегенмен бұл сұрақтардың жауабы кейде бір-біріне сәйкес келмейді. Мұны еңбек нарығының өзі көрсетіп отыр. 2025 жылы Электрондық еңбек биржасында 1,328 миллион бос жұмыс орны жарияланған. Оның 665,5 мыңы, яғни барлық вакансияның жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарына тиесілі болған. Сол жылы жұмыс іздеушілер 1,4538 миллион түйіндеме орналастырған, оның 48 пайызы жұмысшы кәсіптерге қатысты.
Яғни мәселе «жұмыс жоқ» деген қарапайым түсінікке сыймайды. Жұмыс бар. Сұраныс та бар. Бірақ жұмыс пен адамның бір-бірін табуы ғана емес, адамның белгілі бір кәсіпке қандай көзқараспен келетіні де маңызды.
2026 жылдың басынан бері Enbek.kz жүйесінде 102,7 мың бос жұмыс орны жарияланған. Оның 48,9 мыңы, яғни 47,6 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған. Сонымен қатар барлық ұсыныстардың 80 пайыздан астамы білікті кадрларға бағытталған.
Бұл қажеттілік қысқа мерзімді сұраныспен шектелмейді. 2026 жылғы қыркүйекте Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болатынын, оның оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі екенін мәлімдеді. Яғни алдағы он жылда еңбек нарығына қажет кадрлардың едәуір бөлігі дәл осы кәсіптерге байланысты болады.

Сурет: primeminister.kz
Жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың құрылымы да әртүрлі. Ресми мәлімет бойынша жұмысшы кадрларға қажеттіліктің едәуір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, құрылысқа, денсаулық сақтау мен білімге, электр энергетикасы және көлік-логистика салаларына тиесілі. Сұранысқа ие кәсіптердің қатарында орта медициналық персонал, аспаз, сантехник, өнеркәсіптік жабдықтар слесарі, құрылысшы-монтажшы, автобус жүргізушісі, электр энергетикасы саласының операторы сияқты мамандықтар бар. Мұнда бір қарама-қайшылық көрінеді. Бір жағынан, экономикаға нақты кәсіп иелері қажет. Екінші жағынан, мамандықтың қоғамдық беделі оның еңбек нарығындағы қажеттілігіне әрдайым сай келе бермейді.
Астана бұл қайшылықты күн сайын көрсетіп отырған қалалардың бірі. 2026 жылғы тамыздағы дерек бойынша елорда халқы 1,69 миллионнан асқан. Қалада халық саны өсіп, жаңа аудандар салынып, қызмет көрсету мен инфрақұрылым көлемі артып келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында Астанадағы жұмыс күші 800 мыңға жуық адам болды, ал жұмыссыздар саны 34 мыңнан асты. Сол кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрады.
Мұндай көлемдегі қаланың күнделікті тіршілігін әртүрлі кәсіп иелері қамтамасыз етеді. Қалада күн сайын автобус жүргізушісі жолға шығады. Біреу ғимараттың электр жүйесін тексереді. Біреу цехте ас дайындайды. Біреу құрылыс алаңында жұмысын бастайды. Біреу көшені тазалайды. Біреу жедел жәрдем көлігінің есігін жауып, келесі шақыртуға кетеді.
Қала тұрғыны бұл процестердің нәтижесін пайдаланады. Бірақ процестің өзін көп жағдайда көрмейді. Мәселен, кейіпкеріміздің жұмыс күні таңда оянады. Жұмысқа шамамен қырық минутта жетеді. Кәсіпорынға келгеннен кейін бірден көлігіне барады. Қыста бұл рәсім ұзағырақ. Машинаның қозғалтқышы, майы, дөңгелегі, аккумуляторы тексеріледі. Кейде ұсақ ақау шығады. Кейде бәрі қалыпты.
«Машина дайын болмаса, өзің де дайын емессің. Бір жерін тексермей кетсең, кейін көшеде тұрып қалуың мүмкін. Оның үстіне техникамен жалғыз жүрген жоқсың. Бір нәрсе болып қалса, жұмыстың бәрі тоқтайды», - дейді жұмысшы кейіпкеріміз.
Ол бір күнде ондаған адаммен тікелей жұмыс істемеуі мүмкін. Бірақ оның жұмысында адамдар көп. Диспетчер бар. Механик бар. Бригада бар. Жол бойындағы тұрғындар бар. Кейде біреу тоқтатып, сұрақ қояды. Кейде біреу не үшін жол жабылғанын түсінбей ашуланады. Көбіне адамдар олардың жұмысын бір нәрсе дұрыс болмай қалғанда ғана байқайды. Көшеде қоқыс жиналып қалса, тазалық қызметінің жоқтығы бірден көрінеді. Ал көше күн сайын таза болса, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Кейіпкеріміз осыны қалыпты нәрсе деп қабылдаған.
«Адамдар байқамаса, демек жұмыс дұрыс істеліп жатыр деген сөз ғой. Біреу келіп, «рахмет» деп тұруы міндетті емес. Жұмыс бітсе болды», - дейді кейіпкер.
Жұмыс істейтін адамның бәрі өз кәсібін жақсы көре бермейді. Кейбірі ақша үшін жұмыс істейді. Кейбірі тұрақтылық үшін қалады. Біреуі басқа мүмкіндік болмағандықтан осы салаға келеді. Тағы біреуі бастапқыда уақытша келген жұмысын жылдар бойы жалғастырады. Кейіпкеріміз де ерекше жағдай емес.
«Басында ақша үшін келдім. Қазір істей алатын жұмысым болған соң істеп жүрмін. Он бір жыл болды. Үйреніп қалдым. Өзіме ұнамайтын күндер де болады. Бірақ жұмыс біткенде бір нәрсе істегенің көрініп тұрады. Көшеге шығып қарасаң, тазарып қалған. Сол жағы ұнайды», - деп ағынан жарылды 42 жастағы кейіпкеріміз.
Жұмыс істейтін адамның шаршайтыны, жалақысына көңілі толмайтыны, басқа қызмет іздейтіні немесе кәсібін ауыстырғысы келетіні қалыпты. Адамның өз еңбегіне адалдығы оның ешқашан күмәнданбауынан өлшенбейді. Кейде өз еңбегінің құнын түсіну «осы жұмыста қанша жыл отыруым керек?» деген сұрақтан басталады.
Мамандықтың беделі де осындай ұсақ нәрселерден қалыптасады. Адамның жұмысы қаншалықты қажет екені мен қоғамның сол жұмысты қаншалықты мәртебелі санайтыны екі бөлек нәрсе болуы мүмкін.
Қазақстан HR-менеджерлері қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің президенті, адами капиталды басқару саласындағы сарапшы Гүлмира Раисова мақала үшін берген сұхбатында мұның негізгі себебі еңбек нарығындағы сұраныс пен қоғамдық көзқарастың әртүрлі өлшеммен қалыптасуында екенін баса айтты.
«Мамандыққа деген сұранысты экономиканың қажеттілігі айқындайды, ал оның беделі қоғамдық көзқарас негізінде қалыптасады. Сондықтан бұл екі ұғым әрдайым сәйкес келе бермейді», - дейді сарапшы.

Сурет: businessfm.kz
Оның айтуынша, өндіріс, энергетика, көлік және тау-кен салалары үшін аса қажет электрмонтер, дәнекерлеуші, механик, жабдық операторы немесе технолог сияқты мамандардың жұмысы қоғамдық кеңістікте кәсіпкерлер, басқарушылар немесе цифрлық сала өкілдерінің еңбегіндей жиі көріне бермейді.
Раисова қоғамда дене еңбегіне негізделген кәсіптер мен терең техникалық білімді, жоғары жауапкершілікті және үздіксіз оқуды талап ететін заманауи жұмысшы мамандықтарының арасындағы айырмашылық әлі де анық ажыратылмайтынын атап өтеді. Оның сөзінше, бүгінгі жұмысшы күрделі жабдықтармен, цифрлық жүйелермен және автоматтандырылған процестермен жұмыс істейді, бірақ қоғамдағы мамандық бейнесі оның нақты мазмұнына қарағанда баяу өзгеріп келеді.
Сарапшы келтірген Paryz Bridge зерттеуінде де осы алшақтық байқалады. Зерттеу сегіз саладағы 100-ден астам компания мен Қазақстандағы 100 мыңнан астам қызметкердің деректеріне сүйенген. Раисованың айтуынша, әртүрлі салалардағы қызметкерлердің ішкі жұмыс тәжірибесіне берген бағасы 64-84 пайыз аралығында болса, жұмыс беруші ретіндегі салалардың сыртқы тартымдылығына берілген баға 32,6-38,7 пайыз шамасында қалған.
Яғни адам өз жұмыс орнын сырт көздің сол салаға берген бағасынан әлдеқайда жоғары бағалауы мүмкін. Кейіпкеріміздің әңгімесі еңбекке деген көзқарастың бір ғана өлшеммен қалыптаспайтынын көрсетеді. Ол өз кәсібін ерекше дәріптемейді, бірақ он бір жылдық тәжірибесін, жұмыстың жауапкершілігін және нақты нәтижесін жақсы біледі. Оның түсінігіндегі еңбекке адалдық үлкен сөзден емес, жұмысты сапалы орындаудан, қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудан және өз міндетінің нәтижесін түсінуден көрінеді.
Техникалық мамандық иесі құрал-жабдықпен жұмыс істеп, нақты біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін міндеттерді атқаруы мүмкін. Қателіктің құны да аз болмайды. Бірақ оның мамандығының атауы кеңсе қызметкерінің лауазымындай әсерлі естілмеуі ықтимал. Мәселе бір кәсіпті екіншісінен жоғары қоюда емес. Мәселе кәсіби еңбекті бағалау өлшемінде.
Бұл мәселе соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде де жиі көтеріліп келеді. Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы ретінде жарияланды. Астанада осы бағытта кәсіптік оқыту бағдарламалары да жүргізілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, JOLTAP жобасы аясында 8 мыңнан астам адамды қамтыған кәсіптік оқыту ұйымдастырылып, олардың 5 мыңнан астамы электр және газбен дәнекерлеуші, жүргізуші, ағаш ұстасы, аспаз, тігінші және басқа да жұмысшы кәсіптерін меңгеруге бағытталған.

Сурет: joltap.kz
Жастарға мамандықтың қажет екенін айту жеткілікті ме? Өйткені мамандық таңдауға еңбек нарығының сұранысы ғана әсер етпейді. Жас адам өзінің болашақ кәсібінен жалақыны ғана емес, белгілі бір әлеуметтік мәртебені де күтеді. Ол өзінің жұмысы туралы достарына, туыстарына, болашақ жұбайына қалай айтатынын да ойлауы мүмкін. Ата-ананың «балам университетке түссе екен» деген тілегі де осы жерде рөл ойнайды.
Раисованың айтуынша, «кеңсе жұмысы – жақсы жұмыс, қол еңбегі – беделі төмен жұмыс» деген түсінік әлі де сақталған. Алайда оның пікірінше, жастардың өндірістен немесе жұмысшы мамандықтарынан бас тартуын тек дене еңбегіне қызықпауымен түсіндіру жеткіліксіз. Ауыр еңбек жағдайы, еңбекақы жүйесінің түсініксіздігі, авторитарлық басқару, оқыту мүмкіндігінің аздығы және кәсіби болашақтың белгісіздігі де әсер етуі мүмкін. Paryz Bridge зерттеуінде бұл стереотип тікелей өлшенбегенін сарапшының өзі атап өтеді.
Бұл жерде жалақы мәселесін айналып өту қиын. Бірақ жалақы мен кәсіби беделдің арасында тікелей байланыс бар деп айту да дұрыс емес.
«Жоғары еңбекақы мамандар тапшылығының, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларының, ауысымдық жұмыс кестесінің, өндірістің шалғай орналасуының, физикалық жүктеме мен жоғары жауапкершіліктің өтемі болуы мүмкін. Бірақ жалақының өзі мамандыққа қоғамдық құрмет пен мойындауды қамтамасыз етпейді», - дейді Гүлмира Раисова.
Сарапшының пікірінше, кәсіби беделге еңбек жағдайы мен қауіпсіздігі, оқыту және мансаптық өсу мүмкіндігі, басшылықтың қарым-қатынасы, адамға деген құрмет және жұмыстың қоғамдық маңызы да әсер етеді.
Бұл әсіресе жұмысшы мамандықтарына қатысты маңызды. Себебі белгілі бір кәсіпке жоғары жалақы ұсынылғанымен, егер адам өзінің болашағын сол жұмыстан көрмесе немесе еңбек жағдайын әділ деп қабылдамаса, қаржылық ынталандыру ұзақ мерзімді шешім болмауы мүмкін. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру туралы сөз тек плакаттағы сөздермен шектелмеуі керек. Егер белгілі бір кәсіп экономикаға қажет болса, оның еңбек жағдайы, қауіпсіздігі, кәсіби өсу мүмкіндігі мен табысы туралы мәселе де мамандықтың беделімен бірге қаралуы керек.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 443 315 теңге болды. Бірақ сол жылдың медианалық жалақысы 317 512 теңгені құрады. Медиана елдегі жалақы деңгейін сипаттағанда орташа көрсеткіштен бөлек қараудың неге қажет екенін көрсетеді: еңбек нарығында адамдардың табысы бір деңгейде емес.
2026 жылдың екінші тоқсанында Астанада шағын кәсіпкерлік субъектілерін есепке алмағанда, орташа айлық атаулы жалақы 647 920 теңгеге жеткен. Бірақ бұл көрсеткішті кез келген қала тұрғынының нақты табысымен теңестіруге болмайды. Өйткені орташа көрсеткіш адамның нақты өмірін түгел айтып бермейді.

Кейіпкеріміздің табысын да орташа көрсеткішпен салыстыру оның еңбек жағдайын толық ашпайды. Оның жұмыс күнінің артында таңғы 04:45-тегі оятқыш, қырық минуттық жол, күн бойы техникамен жұмыс, қысқы аяз, кейде демалыс күндері де шығу және отбасымен өткізуге жетпей қалған уақыт бар.
«Ең қиыны ақша емес шығар. Уақыт. Балалар кішкентай кезінде жұмыстан келгенде көбісі ұйықтап жататын. Кейде демалыс күні де жұмыс болады. Қазір балалар өсті. Бірақ сол кезде қасында көп бола алмадым», - дейді сұхбат беруші жұмысшы.
Кейбір кәсіптің құнын жалақы көрсеткішімен ғана өлшеу қиын. Мысалы, бір жұмысты он жыл істеген адамнан «Неге осы кәсіпте қалдыңыз?» деп сұрағанда, жауабы міндетті түрде романтикалық болмауы мүмкін.
«Неге қалдым?.. Басында уақытша істей тұрамын деп келгенмін. Сосын айлық алып жүрдік, үйреніп қалдық. Бір жұмысты істей берсең, оның жақсы-жаманын білесің ғой. Қай жерінде не болады, қай кезде неге мән беру керек, бәрін білесің. Басқа жерге кетсем, бәрін қайта бастау керек. Оны да ойлайсың. Кейде басқа жұмыс іздеген кездерім болды. Шаршайсың. Әсіресе қыста. Бірақ осы жұмысты тастап кетуге нақты себеп те болмады. Үйренген кәсібім, нанымды тауып жүрген жұмысым. Сөйтіп жүріп он бір жыл өтіп кетіпті», - деді кейіпкеріміз.
Бұл жауаптан бір нәрсе анық көрінеді: адамның белгілі бір кәсіпте ұзақ уақыт қалуына әрдайым бір ғана себеп әсер етпейді. Тұрақты табыс, қалыптасқан тәжірибе, жұмыстың өзіне үйрену, басқа мүмкіндік іздеуге себептің болмауы сияқты қарапайым факторлар да кәсіби таңдаудың бір бөлігі. Еңбектің құнын түсіну үшін осы себептердің бәрін ескеру керек.
Жалпы алғанда еңбекке деген көзқарас тек сыртқы бағамен өлшенбейді. Адамның өзі істеп жүрген жұмысына қалай қарайтыны да маңызды. Кейіпкеріміз өз кәсібін ерекше мамандық деп көрсетпейді. Бірақ он бір жылдық тәжірибесін, жұмыстың жауапкершілігін және оның нақты нәтижесін жақсы түсінеді. Оның әңгімесінен еңбекке деген қатынас көбіне үлкен сөздерден емес, күнделікті жұмысқа деген қарапайым жауапкершіліктен қалыптасатынын көруге болады.
Астана бойынша ресми мәліметтердің өзі қала еңбек нарығының көлемін көрсетеді. 2025 жылдың екінші тоқсанында елордада 736 990 адам жұмыспен қамтылған, ал жұмыс күші 770 298 адам болған. Бұл сандардың әрқайсысының артында қаланың белгілі бір бөлігін ұстап тұрған жеке еңбек бар. Бірінің жұмысы экраннан көрінеді, екіншісінікі оның нәтижесі жоғалған кезде ғана байқалады. Таза көше бар. Бірақ оны кім тазалағанын ойламаймыз. Автобус уақытында келеді. Оның рөлінде кім отырғанын аялдамада тұрған кезде ойлай бермейміз. Қалыпты болып кеткен нәрсенің артында да біреудің кәсібі, уақыты және жауапкершілігі бар.
Кейіпкеріміздің жұмыс күні кешке аяқталады. Техника кәсіпорын ауласына қайтып келеді. Қозғалтқыш өшеді. Ол кабинадан түсіп, қолғаптарын шешеді. Жұмыс күні осымен аяқталады. Ертең бәрі қайта басталады. Оятқыш шырылдайды. Кейіпкеріміз тағы да үйден шығады. Астана ол кезде әлі ұйықтап жатады. Терезелердің көбі қараңғы. Жолда көлік аз. Қала өзінің таңғы қарбаласына әлі кіріспеген. Ал оның жұмыс күні тағы да басталып кеткен болады. Бәлкім, он бір жылдан кейін осы жұмыстан кетер. Бәлкім, әлі ұзақ жылдар осы техниканың рөлінде отырар. Оны өзі де нақты білмейді. Өйткені еңбек жолы әрдайым алдын ала жазылған жоспармен жүрмейді. Бірақ бір нәрсені біледі. Ол баласына өз таңдауын жасауға мүмкіндік бергісі келеді.
«Мен балама міндетті түрде осы жұмысты істе деп айтпаймын. Оқысын. Өзіне ұнайтын нәрсені тапсын. Бірақ қандай жұмыс істесе де, біреудің еңбегін төмен көрмесе екен. Өйткені ертең сол жұмысты өзіне біреу істеп береді», - дейді жұмысшы кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміз үшін он бір жыл бұрын уақытша болып көрінген жұмыс бүгінде оның кәсіби тәжірибесінің негізгі бөлігіне айналған. Ол бұл кәсіпті ерекше дәріптемейді, қиындықтарын да жасырмайды. Бірақ өз жұмысының нақты нәтижесін біледі және баласына ең алдымен біреудің еңбегін төмен бағаламауды үйреткісі келеді.
Бұл еңбек нарығындағы негізгі қайшылықты көрсетеді: мамандықтың экономикаға қажет болуы оның автоматты түрде беделді болатынын білдірмейді. Кәсіптің тартымдылығын жалақыдан бөлек еңбек жағдайы, қауіпсіздік, кәсіби өсу мүмкіндігі, басқару мәдениеті және қоғамның сол кәсіпке көзқарасы қалыптастырады.
Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделі туралы әңгіме бос жұмыс орындарын толтырудан басталып, сол жерде аяқталмауы керек. Экономикаға қажет маманды даярлау бір мәселе болса, оның өз еңбегін бағалайтын, кәсіби болашағын көретін және қоғам тарапынан еңбегіне лайық құрмет сезінетін жағдай қалыптастыру одан да кең міндет.
Материал авторы