2389

Көкшетауда көлік тұрағына талас қылмыстық іске ұласты

Полицияның мәліметінше, көлігін қақпаның алдына қойған қыз бен ер адамның арасындағы жанжалдан кейін қыз жарақат алған.

Көкшетауда көлік тұрағына талас қылмыстық іске ұласты
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда көлік қоюға байланысты ер адам мен қыздың арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты. Полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Оқиға 17 қыркүйекте Ақан сері көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған. Қыз Lada Vesta көлігін қақпаның алдына қойған. Аталған қақпа арқылы көліктер шығатыны белгілі болғанымен, сол маңда бұл аумақтың автокөлік шығатын жол екенін көрсететін жол белгісі немесе өзге де көзге анық түсетін белгі болмаған.

Қыз көлігін қалдырып, сабаққа кеткен. Шамамен бір жарым сағаттан кейін қайтып келген кезде оны көлік иесін күтіп тұрған ер адам қарсы алған. Полицияның мәліметінше, ер адам қыз келгенге дейін шамамен 40 минут күткен.

Одан кейін көлік қою мәселесіне байланысты екеуінің арасында жанжал шыққан. Полицияның хабарлауынша, ер адам көліктің есігін тепкен. Соның салдарынан қыздың бас тұсына дене жарақаты келген.

Әлеуметтік желіде оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін полиция күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 1983 жылы туған Көкшетау тұрғыны болып шыққан.

Оған қатысты бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор