Алматыда ер адам электросамокатпен 90 км/сағ жылдамдықпен жүріп, қаза тапты
54 жастағы ер адам Шығыс айналма жолында көлікті басып озу кезінде басқаруды жоғалтып, жолға құлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда электросамокат мінген 54 жастағы ер адам жол апатынан қаза тапты. Оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында болған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, ер адам жолдың сол жақ шетімен жоғары жылдамдықта қозғалған. Оның жылдамдығы шамамен сағатына 90 шақырым болған. Жолай келе жатқан көлікті басып озуға әрекеттенген кезде электросамокатты басқара алмай, асфальтқа құлаған.
Оқиғаның сәтін жол бойындағы бейнебақылау камералары мен сол маңнан өткен көліктердің видеотіркегіштері түсіріп алған. Кадрларда ер адам құлағаннан кейін қорғаныс дулығасының басынан түсіп қалғаны көрінеді.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 96 адам түрлі жарақат алған. Бұл — биыл қалада электросамокат қатысқан адам өлімімен аяқталған алғашқы жол апаты.
Материал авторы