Баладан зейнеткерге дейін: Астанада тұрғындар ашық аспан астында спортпен айналысты
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тұрғындарды белсенді өмір салтына тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астананың Үркер тұрғын алабында ашық аспан астында спорттық шара өтті. Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кешке 200-ге жуық тұрғын қатысты. Олардың арасында жастармен қатар егде жастағы адамдар мен кішкентай балалар да болды.
KERBEZ әйелдер фитнес-клубының 5 жылдығына арналған мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылар - клубтың негізін қалаушылар Қарабалина Гүлсая мен Шақуанова Әсел, сондай-ақ клуб жаттықтырушылары Махатова Әлия, Айтқұлова Жұлдызай және Әбдіқасова Әйгерім. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, белсенді өмір салтын насихаттау және аула тұрғындарының бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік жасау.

Бір алаңда бірнеше буын бас қосты
Кеш дене қыздыру жаттығуларынан басталды. Кейін тұрғындар май жағуға бағытталған фитнес жаттығуларына, степ-аэробика мен джампинг-фитнеске қатысты.
Жаттығуларды кәсіби жаттықтырушылар жүргізді. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне қарай қимылдап, спорттық бағдарламаға белсенді араласты. Бір алаңда балалардың да, жастардың да, егде жастағы тұрғындардың да бірге жаттығуы шараның ерекше көріністерінің біріне айналды.

Шара барысында жаттықтырушылар тұрғындарды спортты күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырды.
«Негізгі мақсатымыз – Үркер тұрғындарын, сондай-ақ Қараөткел аумағының тұрғындарын спортқа, салауатты өмір салтына тарту. Бұған дейін осындай шараларды шағын форматта өткізіп жүрдік. Биыл тұрғындарды кеңінен қамтып, барлығын бірге қатыстыруды жөн көрдік», – деді жаттықтырушы Әсел Шақуанова.
Оның айтуынша, тұрақты жаттығу адамның физикалық жағдайымен қатар көңіл-күйіне және өзіне деген көзқарасына да әсер етеді.
«Қазір дұрыс тамақтану мен денсаулыққа көңіл бөлу өте маңызды. Көптеген әйел артық салмақпен күресіп жүр. Жаттығуға тұрақты келген қыз-келіншектер өздерін жақсы сезініп, өзіне деген көзқарасын өзгертеді. Бұл біз үшін маңызды», – деді жаттықтырушы.

«Осындай шаралар жиі болса екен»
Шараға қатысқан егде жастағы тұрғындардың бірі ашық аспан астындағы жаттығудың өзіне жақсы әсер еткенін айтты.
«Бүгін жақсы сергіп қалдық. Таза ауада жастармен бірге жаттығып, көңіліміз көтеріліп қалды. Үйде күнделікті тірлікпен жүре береміз ғой. Осындай шаралар жиі болса екен. Үлкен кісіге де, жасқа да пайдалы», – деді Үркер тұрғыны.

«Бұл – жай ғана жаттығу емес»
Сахнада сөз сөйлеген шараға қатысушылардың бірі бес жыл ішінде әйелдер қауымымен бірге жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орта әйелдерді спортпен айналысуға ғана емес, бір-біріне қолдау көрсетуге де ынталандырады.
«Бұл – жай ғана фитнес емес. Бұл – көзінде оты, жүзінде күлкісі бар әйелдер. Бүгін осында жиналған әр адам бір-біріне жақсы энергия беріп отыр. Осындай ортада өзіңді еркін сезінесің», – деді шара қатысушысы.
Кеш барысында тұрғындарға мерейтойға арналған жылы лебіздер айтылып, белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді.
Сахнадан тұрғындарға денсаулықтың маңызын еске салған тілектер де айтылды.
«Дені сау болса, жаны да, тәні де сау болады. Осы үйлесім ұзақ сақталсын», – деген тілек айтылды.

Спорттан кейін – музыка мен би
Спорттық бағдарламадан кейін тұрғындар үшін музыкалық бөлім ұйымдастырылды. Балалар мен ересектер әуенге қосылып, би биледі.
Осылайша Үркердегі кеш тек жаттығумен шектелмей, бірнеше буын өкілдерін бір алаңға жинаған ортақ мерекелік шараға ұласты.

Материал авторы