Астанада спортшылар ағаш отырғызып, Street Workout маусымын қорытындылады
Елордадағы Орталық саябақта танымал спортшылар мен қала тұрғындары экологиялық акцияға қатысып, ағаш отырғызды.
Астанада спорт пен экологияны ұштастырған фестиваль өтті. Елордадағы Орталық саябақта қатысушылар ағаш отырғызып, үш ай бойы жалғасқан тегін Street Workout жаттығуларының маусымын қорытындылады.
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аясында ұйымдастырылды. Фестивальге белгілі қазақстандық спортшылар, жаттықтырушылар және Street Workout жобасына қатысушылар жиналды.
Олардың арасында бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және ММА-дан әлем чемпионы Василий Тахтай болды.

Фестивальге қатысушылар саябақ аумағына ағаш отырғызып, елорданы көгалдандыру жұмысына атсалысты.
Астана әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, танымал спортшылардың экологиялық бастамаларға араласуы табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Бүгін елордалық спортшылар бір мақсатпен – елорданы абаттандыруға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосу үшін жиналды. Іс-шара белсенді әрі қызықты өтіп жатыр, әр қатысушы ортақ іске өз үлесін қосуға тырысып жатыр», – деді ол.

Фестиваль барысында өскелең ұрпаққа жеке үлгі көрсетудің маңызы да айтылды. ММА-дан әлем чемпионы Василий Тахтай шараға ұлдарымен бірге қатысып, балаларға елге деген сүйіспеншілікті нақты іспен көрсетудің маңызды екенін атап өтті.
«Ұлдарымызға Отанды қалай сүю керектігін дұрыс үлгі арқылы көрсету үшін бірге келдік. Дәл осы «Таза Қазақстан» акциясы арқылы өзімізді танытып, Отанымызға, елімізге деген сүйіспеншілігімізді көрсете аламыз», – деді спортшы.

Экологиялық акциядан кейін елордадағы Street Workout тегін жаттығуларының үш айлық маусымы ресми түрде жабылды. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары жаттықтырушылардың жетекшілігімен ашық аспан астында тегін жаттығуға мүмкіндік алды. Маусымға шамамен 8 мың адам қатысты.
Қорытынды шара аясында көше спортындағы күш жаттығулары бойынша турнир ұйымдастырылды. Жарыста үздік нәтиже көрсеткендер медаль, сертификат және сыйлықтармен марапатталды.
