1169

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 30 жыл толды

Оқу орны 1996 жылы құрылып, содан бері 4 мыңға жуық кәсіби сержантты даярлап шығарды.

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 30 жыл толды
gov.kz

Щучинск қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерейтойлық жиынға Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов, ардагерлер, оқу орнының түлектері мен жеке құрамы қатысты.

Шара Шоқан Уәлихановтың бюстіне Құрмет қарауылының қатысуымен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін оқу-жаттығу алаңында бірінші курс кадеттері Әскери ант қабылдап, кедергілер жолағында дене дайындығы мен әскери машығын паш етті.

Мерейтой барысында колледждің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен азаматтар оқу орнымен байланысты естеліктерін ортаға салды. Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Жомарт Қуанғалиев колледждің құрылу кезеңінде алғашқы басшысы болды. Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов осы оқу орнын тәмамдап, офицерлік қызметін лейтенант шенінде бастаған. Ал Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов колледж қабырғасында кадет болған.

Қорғаныс министрінің орынбасары оқу орнының үш онжылдықтағы еңбегіне тоқталды.

«Отыз жыл – колледж тарихындағы маңызды кезең. Осы жылдар ішінде оқу орны әскери білім беру жүйесінің маңызды буынына айналып, мыңдаған білікті сержант мамандарын даярлады. Бүгінде колледж түлектері әскери бөлімдерде абыроймен қызмет етіп, жауапты лауазымдарда еңбек етіп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға үлес қосып келеді», – деді Әскер Бейсенов.

Мерекелік бағдарлама аясында Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы мен зерттеу қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар әскери техника, қару-жарақ, байланыс жабдықтары және радиациялық, химиялық әрі биологиялық қорғау құралдары таныстырылды.

Қонақтар колледждің казармасын, медициналық пунктін, спорт залын, кітапханасын, FPV-дрондар сыныбы орналасқан зертханалық корпусын және оқу орнының мұражайын аралады.

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1996 жылы құрылған. Алғашқы 63 кәсіби сержант оқу орнын 1999 жылғы 29 шілдеде тәмамдады. Сол жылы колледжге Жауынгерлік Ту табысталып, 2000 жылы оқу орнына ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.

1996-2025 жылдар аралығында колледжде 4 мыңға жуық кәсіби сержант даярланды. Қазір оқу бағдарламасында әскери-кәсіби және дене дайындығымен қатар кадеттердің көшбасшылық, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілеттерін жетілдіруге басымдық берілген. Бұдан бөлек, әскери бөлімдерден келген сержанттардың біліктілігін арттыруға арналған курстық даярлық та жүргізіледі.