672

Егіс жұмыстарына берілген 300 млн теңге игерілмеген: Қарағандыда қылмыстық іс тергелуде

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 300 млн теңгеге қатысты тергеу жүріп жатыр.

Егіс жұмыстарына берілген 300 млн теңге игерілмеген: Қарағандыда қылмыстық іс тергелуде
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңге несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыз беру туралы келісім жасалған. Міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген.

Шарт негізінде «Рашан» ЖШС-нің есепшотына 300 млн теңге аударылған. Кейін компания бұл қаражатты егіс науқанына қажетті шығындарды өтеу ретінде екі басқа ЖШС-ге аударған.

Оның ішінде шамамен 148 млн теңге тұқым сатып алуға, ал қалған 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, сондай-ақ жанар-жағармай мен еңбек ақы шығындарын жабуға бағытталғаны көрсетілген.

Алайда тергеу барысында құжаттарда көрсетілген жұмыстардың іс жүзінде атқарылмағаны анықталған. Атап айтқанда, тұқым сатып алынбаған, ауыл шаруашылығы техникасы жалданбаған және аталған жер телімдеріне егін егілмеген.

«Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті хабарлады.

Материал авторы