Маңғыстауда балық жеген отбасы мүшелері ауыр халде жансақтау бөліміне түсті
Науқастардың арасында 9 жас 10 айлық бала да бар, оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында бір отбасының төрт мүшесі ботулизм белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Олардың үшеуі – ересек адам, тағы бірі – 9 жас 10 айлық бала.
Өңірдің бас штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, Мұнайлы ауданының үш тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Ал бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен.
Алдын ала болжам бойынша, ауруға үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық себеп болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, балық тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Зардап шеккендердің барлығы оны отбасылық жиын кезінде тұтынған.
Науқастардың алғашқы белгілері 18 қыркүйек күні кешке байқалған. Келесі күні олар медициналық көмекке жүгінген.
Дәрігерлердің айтуынша, үйде науқастардың жүрегі айнып, бірнеше рет құсқаны байқалған. Ауруханаға түскеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланған. Науқастарда әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы мен жыбырлауы, көздің бұлдырап, қосарланып көруі және сана бұзылысы сияқты белгілер болған.
Қазіргі уақытта төрт науқастың барлығы жасанды өкпе желдету аппараттарына қосылған. Оларға дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пациенттерге ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.
Материал авторы