5 жасар бала көліктен өлі табылды: Анасы басты күдікті атанды
Бес жасар бала қаза тауып, тағы екі бала пышақ жарақатынан ауруханаға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында бес жастағы бала қаза тауып, тағы екі бала мен 42 жастағы әйел пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Полиция оқиғаны отбасындағы зорлық-зомбылық болуы мүмкін деген нұсқамен тергеп жатыр. Бұл туралы nine.com.au жазды.
Оқиға 20 қыркүйек күні түскі уақытта Valley Heights ауданында болған. Сағат 12:45 шамасында өтіп бара жатқан адамдар көліктің ішінде үш бала мен ауыр жарақат алған әйелді байқап, жедел қызмет шақырған және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге кіріскен.
Бес жастағы бала көліктің ішінен өлі табылған. Бес жасқа толмаған тағы екі бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, оларға операция жасалған. Әйел де пышақ жарақатымен медициналық мекемеге түскен.
Келесі күні полиция тергеуге қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. 42 жастағы әйел қаза болған және жарақат алған үш баланың анасы екені анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша, әйелдің өзіне тиген жарақаттарды өзі салуы мүмкін.
Әйелге әзірге ресми айып тағылған жоқ. Ол ауруханада жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, басқа күдіктілердің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Құқық қорғау органдары бұл іске байланысты өзге күдіктілерді іздемейтінін мәлімдеді.
Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы комиссарының орынбасары Питер Маккеннаның айтуынша, іс отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты оқиға ретінде қарастырылып жатыр. Алайда полиция қылмыстың ықтимал себебін әзірге жариялаған жоқ. Тергеу бастапқы кезеңде.
Балалардың әкесіне болған жағдай туралы хабар берілген. Полиция әйелдің бұған дейін құқық қорғау органдарының назарына ілікпегенін мәлімдеді.
Тергеушілер оқиға орнын анықтап, дәлелдер жинауды жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдары Valley Heights ауданында сол уақытта болған адамдардан және көлік бейнетіркегішінде жазбасы бар жүргізушілерден материалдарды полицияға ұсынуды сұрады.
Материал авторы