Астанада кран құлап, үш баланың анасы аяғынан айырылды
Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдің баспанасына қатысты 19 миллион теңгеден астам қарызы бар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада құрылыс алаңында мұнаралы кранды бөлшектеу кезінде ауыр апат болып, үш баланың анасы ауыр жарақат алды. Кран машинисі Ақмарал Қарабалиева оң аяғынан айырылып, төртінші аптадан бері ауруханада жатыр. Оқиға кезінде оның әріптесі қаза тапқан. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Оқиға 31 тамызда құрылыс нысандарының бірінде болған. Жұмысшылар мұнаралы жүк көтергіш кранды бөлшектеп жатқан кезде конструкцияның бір бөлігі құлаған. Соның салдарынан слесарь оқиға орнында көз жұмса, кран машинисі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.
Қарабалиеваның айтуынша, апатқа дейін кранның бір секциясы алынған. Кейін рация арқылы бірден екі секцияны шешу туралы тапсырма берілген. Осыдан соң конструкция қатты қозғалып, әйел тепе-теңдігін жоғалтқан.
«Біз мұнаралы кранның бір секциясын шештік. Кейін рациядан біреу екі секциядан шешуді айтты. Содан кейін кран қатты шайқалып, мен жоғары ұшып кеттім. Одан кейін өзімді операция үстелінде көрдім», – деді зардап шеккен әйел.
Қазір Ақмарал Қарабалиева ауруханада ем алып жатыр. Оның сөзінше, жарақаттан кейінгі ауырсыну кейде басылмай қояды.
Жұмыс беруші әйелге мүгедектер арбасын алып берген. Сондай-ақ үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде берген. Алайда Қарабалиева мұны жеткіліксіз деп санайды. Ол еңбекке қабілетін жоғалтқанына байланысты ұзақ мерзімді қаржылай қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
Әйел жақында баспананы бөліп төлеу арқылы сатып алған. Қазір оның тұрғын үй бойынша қарызы 19 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар ол үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр.
Құрылыс компаниясы оқиға мен туындаған еңбек дауына қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. БАҚ өкілдеріне тек нысан күзетшісі сөйлеген.
Құлаған мұнаралы кран әзірге оқиға орнында тұр. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін ғана үйінділерді бөлшектеу жоспарланып отыр.
Апаттың нақты себептерін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр. Астана бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті бөлімінің басшысы Рүстем Жандосовтың айтуынша, кранның құлауына не себеп болғанын анықтау үшін мамандандырылған ұйым тартылған.
«Қазір қорытынды әлі түскен жоқ, жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмысшы ресми түрде еңбекке орналасқан, сақтандыру шарты бар. Тергеу нәтижесі бойынша акт жасалып, ол сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандыру компаниясына жіберіледі», – деді Жандосов.
Ақмарал Қарабалиеваны осы аптада ауруханадан шығару жоспарланып отыр. Бұдан кейін оған бір аяғымен жүруге бейімделіп, оңалтудан өтуге тура келеді.
Әйелге мүгедектік белгіленгеннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптама оның еңбекке қабілетін қаншалықты жоғалтқанын анықтайды. Осы көрсеткішке қарай жұмыс беруші төлейтін ай сайынғы төлем мөлшері белгіленеді. Төлем әйел зейнет жасына жеткенге дейін жүргізіледі.
Айта кетейік, Астанада соңғы уақытта құрылыс крандарының құлауына байланысты бірнеше оқиға тіркелген. 27 тамызда құрылыс жұмыстары кезінде мұнаралы кран құлап, кран машинисі қаза тапқан. Ал 31 тамызда тағы бір кран құлап, бір адам қаза болып, екі адам ауруханаға жеткізілген.
Әр оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев бұған дейін құрылыс компанияларына еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою қажеттігі ескертілгенін айтқан.
Материал авторы