749

Құлсарыда арнайы техника автобус салонын тесіп өтіп, үш жолаушы зардап шекті

Жол апаты Махамбет даңғылында болып, үш жолаушы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды.

Құлсарыда арнайы техника автобус салонын тесіп өтіп, үш жолаушы зардап шекті
instagram.com/qulsary_online

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Құлсары қаласында арнайы техника мен жолаушылар тасымалдайтын Yutong автобусы соқтығысып, үш адам жарақат алды. Зардап шеккен жолаушылардың барлығы ауруханаға жеткізілген.

Жол апаты 20 қыркүйек күні сағат 18:50 шамасында Жылыой ауданындағы Махамбет даңғылында болған.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан арнайы техниканың ұзын құрылымы жол бойымен қозғалып бара жатқан автобусқа соғылып, оның терезелері арқылы салонның ішіне кіріп кеткенін көруге болады.

Атырау облысының полиция департаменті жол апатына Yutong автобусы мен арнайы техниканың қатысқанын растады.

«Махамбет даңғылында Yutong автобусы мен арнайы техника қатысқан жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан автобустың үш жолаушысы ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинап жатыр.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. 

Материал авторы